
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – ЖЕТІСТІК ЖАРШЫСЫ
«Тауықты бауыздаса да қасапшы бауыздасын» дейтін халықтың ұрпағымыз. Олай болса, соңғы кездері біз үшін науқанға айналған жаңа Еңбек кодексінің әліппесін халыққа дұрыс үйрету шаруасын да соның тілін білетін мамандар түсіндіргені жөн. Осындай ұстанымды ұстанған кәсіподақтың құқықтық қызметі облыстың барлық аудандарын аралап, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Насихат тобының құрамында Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева, төрайымның орынбасары Ерұлан Мағзымбеков, кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы – бас инспектор Берік Баймағанбетов, Тараз қалалық кәсіподақ комитетінің бас маманы Арман Стыбаев, Біріккен кәсіподақ комитетінің төрағасы Жанболат Орынбеков сынды модератор-мамандары бар. Насихатшы топтың алғашқы ат басын тіреген орны Жамбыл мен Байзақ аудандары болды.
Екі ауданның шеңберінде ұйымдастырылған қос семинардың басында да Гүлсін Рахымжанқызы өткізілмек іс-шаралардың маңыздылығы туралы қысқаша кіріспе сөз сөйледі.
-Жаппай оқыту, түсінік жұмыстарын жүргізудің басты мақсаты – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген ҚР Еңбек кодексі Заңы мен сала бойынша қолданылуы тиісті еңбек ақы төлеудің жаңа моделінің негізгі нормалары мен ережелерін аймақтағы білім мекемелерінің басшыларына, қаржы-шаруашылық және кадр қызметінің мамандарына, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне түсіндіру, - деді төрайым алғы сөзінде.
Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында өткен көшпелі семинарда Берік Баймағанбетов «Жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы бибәсекелестік негізі туралы талап, мемлекеттік органның шетелдік жұмыскері, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, өндірістік қызмет, өндірістік, факторлық деген және тағы басқа осындай ұғымдардың өзгеріске ұшырағандығын түсіндіріп өтті. Жұмыс берушінің актілері деген ұғымға вахта, ауысым және демалыс кестелері деген жаңа ұғымдардың енгізілгендігін мәлімдеп, жаңа кодекстегі жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарына байланысты жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, еңбек шартын тоқтату немесе ұзарту мәселелері бойынша ел ішінде әртүрлі сұрақтардың туындап жатқандығын алдыға тартты. Ал адамды жұмысқа жіберу шарасы тек еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жүзеге асатындығын ашып айтқан ол, сондай-ақ жүкті әйелдерге, мүгедектерге, зейнет жасына жеткендерге қатысты жұмысқа қабылдау мен босату шаралары туралы да түсінік берді.
Келесі болып модератор қызметін атқарған азамат Арман Стыбаев өз кезегінде «Еңбек даулары, еңбек шарты және келісім комиссияларының қызметі» атты мәселе төңірегінде сөз қозғады. Модератор «еңбек шарты» деген сөздің мәні жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы жазбаша келісімді білдіретіндігін, ал сол келісім арқылы жұмысшы жұмыс берушінің берген жұмысын лауазымы бойынша атқаруға, мекеме ішіндегі еңбек тәртібін сақтауға міндеттелетінін, осы сияқты жұмыс беруші өз кезегінде әлгі еңбек шартына сәйкес жұмысшыға тиісті лауазымды ұсынуға, сонымен қатар ҚР еңбек заңнамаларына және өзге де нормативтік актілерде көрсетілген еңбек жағдайын жасауға немесе уақтылы және тиесілі жалақысын төлеп отыруға мендеттелетінін тілге тиек етті.
Көшепелі семинарда талқыға түскен үшінші мәселе – «Еңбек ақы төлеудің жаңа моделін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» туралы Жанболат Орынбеков түсінік берді. Ол өз сөзін әлеуметтік қызметкерлер есебінде мұғалімдердің жалақысы жыл басынан бастап 29 пайызға көтерілгелі бері білім саласында еңбек етіп жатқан азаматтардың арасында еңбек ақы жөнінде әртүрлі алып-қашпа сұрақтардың туындай бастағандығымен бастады. Осыған байланысты ол аталған мәселенің мәні жаңа айлық жүйе туралы Үкімет қабылдаған №1193 қаулыда жатқандығын атап көрсетті.
«Білім саласында ұстаздардан бөлек басқа да көп категориялы лауазымды қызметкерлер баршылық. Сондай жандар бүгінде біздің айлық жалақыларымыз неге көтерілмеді деп шу шығарып жүр. Мәселе мынада – бұрын сала-сала бойынша регистрлік топтардың барлығын белгілі бір деңгейге белгілеп, олардың тізбесін жасап келген орган Үкімет болған болса, бұл заңдылық 2016 жылы өзгеріске ұшырады. Енді жалпы жүйе туралы қаулы Үкіметпен қабылданғанымен сала бойынша лауазымдардың тізбесін жасау құзыры салалық өкілетті органдарға, яғни, біздің министрлікке жүктелетін болады. Әзірге сол регистрлер тізбесі біздің министрлікте бекітілген жоқ. Бізге тек оны жоба ретінде көрсетуде. Қазіргі заңдылық бойынша негізгі айлық жалақының көлемі үстемеақылардан кем болмауы тиіс. Бұрын бізде бәрі керісінше болып келгендігі белгілі. Осы олқылықты орынды түрде түзету үшін бұдан былай еңбек ақы төлеудің жаңа моделіне сай жалақылар жұмысшының атқаратын қызметінің сипатына және оның лауазымына лайықтылығына, былайша айтқанда, біліміне, біліктілігіне және еңбек өтіліне байлынысты болады» деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Дәл осындай жиын келесі болып Байзақ ауданында да өткізілді. Оған да жоғарыда аттары аталған азаматтар барып, қатысты. Ол жерде де жиналған көпшілікке кәсіподақтар үшін соңғы күндері күн тәртібінен түспей жүрген мәселелердің мән-жайы түсіндірілді, насихат жұмыстары жүргізілді. Көршілес екі ауданда өткізілген қос көшпелі семинар барысында ұстаздар қауымы кәсіподақ мамандарына өздерін мазалап жүрген сан түрлі сұрақтарын қоя алды және соған сай тиісінше жауаптар ала алды. Бүгінде насихат тобы Қордай, Шу, Мойынқұм аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
-
Фото
-