ХVIII облыстық спартакиада өз мәресіне жетті
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына және кәсіптік, техникалық білім беру саласына 75 жыл толуына арналған колледж оқытушылары арасында спорттың бірнеше түрінен ХVIII Ақтөбе облыстық спартакиада 2016 жылдың 26-29 қаңтар аралығында өтті.
Спартакиада мақсаты: Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауын жүзеге асыру, дене тәрбиесі мен спортты дамыта отырып, колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері арасында өзара тәжірибе алмасу және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылды.
Спартакиаданы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.С.Серикова және Ақтөбе облысы білім басқармасы кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Т.Е.Есенгазина ашып, жарысқа қатысушы оқытушыларды Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, бұл жарыста барлығына сәттілік тіледі.
Жарысқа облыстың кәсіптік білім беретін 26 оқу орындарынан 500-ге жуық оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері қатысып, спорттың 5 түрінен: стритболдан, волейболдан, теннистен, тоғыз құмалақтан және шаңғыдан жарысқа түсті.
Жылда өтіп отыратын бұл жарысқа колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері бұл жолы да сақадай сай дайындалып келіпті. 4 күнге созылған жарыста оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері спорттың қай түрі болмасын өздерінің жақсы меңгергендерін байқатты. Қазақтың ұлттық ойыны тоғыз құмалақты басқа ұлт өкілдерінің жетік меңгергені біздерді тамсандырды.
ХVIII облыстық спартакиада қорытындысы бойынша командалық ұтыспен I-ші орынды Хромтау тау-кен техникалық колледжі, II-ші орынды Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжді, III-ші орынды М.Тынышбаев атындағы Ақтөбе көлік, коммуникациялар колледжі жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздарға Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атынан кубоктар және ақшалай сыйақы тапсырылды.
-
Фото
-