
«Ардагерлерді құрметтейік» акциясы
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы және Ақтөбе облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған«Ардагерлерді құрметтейік» акциясы ұйымдастырылды. Акция жылдың аяғына дейін жүргізілмек.
Шалқар қаласындағы 100 жылдан астам тарихы бар білім ордасы №5 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен, мектеп басшысы Ә.П.Әбдіғапарованың бастамасымен мектепте зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаздарға, жұмысшыларға ілтипат пен құттықтаулар жасалады. Осы акцияның аясында 6 қаңтар күні мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері осы ардагерлердің үйлеріне барып, Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, мерекелік сый-тартулар жасады.
Олар кезінде рухы таза, ой-өрісі биік ұрпақ тәрбиелеп, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылықпен табандылықтың үлгісін көрсете білген, әрқайсысын жеке мадақтауға тұрарлық тұлғалар.
Акцияның негізгі мақсаты: еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету, көңіл-күйлерін көтеру, қамқорлық таныту. Бұл олардың сіңірген еңбектерінің қасында теңізге құйған тамшыдай ғана шара деп есептейміз.
Сол сияқты мектептің жас ұстаздары бірігіп ардагерлердің үйлеріне барып, аулаларын қардан тазалап, көмек қолдарын созды. Оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мектепте қай-кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі бола білген, шәкірттеріне талмас талап сыйлаған, өз уақытын аямай, басқаның бақытын бағалай білген, бүл күнде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздарды құрметтеу, мерекелік шараларға қонаққа шақыру үрдіске айналған.
Бұл құрмет көрсетіп, ізет білдіретін ардагер ұстаздарымыз өздерінен озған шәкірт тәрбиелеген, шәкірттері еліміздің әр түкпірінде, шет елдерде қызмет етіп жүрген аяулы жандар.
Қоғам дамуына зор ықпал етіп, қоғамның тірегі бола білген ардагерлер қауымы әрқашанда мектеп ұжымының, бастауыш кәсіподақ ұйымының назарында бола бермек.
-
Фото
-