Жас ұстаздар жайдарманының финалы
2016 жылғы 6 қаңтарда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қабырғасында Павлодар облысының жас ұстаздары арасында «Жайдарман-2015» сайысының финалы өтті.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жанындағы Жастар кеңесінің ұйымдастырылуымен өткен Жайдарман сайысының іріктеу турлары бойынша финалға 6 команда өткен: «24.kz» (Павлодар қ.), «Шкрабы» (Аксу қ.), «Терең-күлкі» (Качир ауданы), «Ертіс-Production» (Ертіс ауданы), «Лебяжі құрамасы» (Лебяжі ауданы) және «Жас жалын» (Баянауыл ауданы).
Бұл орайда, қазылар алқасының мүшелігіне де аздаған өзгерістер енгізілді. Алқаның төрағасы ретінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жанындағы Республикалық Жастар кеңесінің төрағасы Батыр Әлиев шақырылды, сонымен қатар облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институттың да өкілдері мүшелік етті.
Финалдық тур болғандықтан, сайыс өте тартымды әрі бәсекелі өтті. Ұстаздардың күнделіктегі тәжірибесін ойынға салып, образға кірген педагогтарымыз өздерінің шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде танытты.
Алайда «жүздің жүйрігі» атануға барлық командалардың мүмкіндігі болмады. Сайыстың жеңімпазы ретінде «24.kz» танылып, «Жайдарман-2015» кубогын ие болды. Ал екінші орын «Лебяжі құрамасы» бұйырса, үшінші орынға «Терең-күлкі» жайғасты. Жүлделі орындарға ие болған командалар грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаз атанған «24.kz» командасы Халықаралық КВН Одағы және «АМИК» Теледидарлық шығармашылық бірлестік тарапынан шақырылған ағымдағы жылдың 11-24 қаңтарында Сочи қаласында өтетін 27-ші «КиВиН-2016» Халықаралық КВН Фестиваліне шақырылды. Облыстық және қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы қаржылық көмек көрсетті.
Жайдарманның финалдық сайысы облыстық «Қазақстан-Павлодар» телеканалының журналистерінің қызығушылығын тудырып, аталмыш каналдан жарық көрді.
-
Фото
-