Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Атқару комитетінің отырысы өтті
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Кәсіподақтық құқықтық инспекцияның мамандарымен 2014 жылдан бері 626 тексеріс ұйымдастырылып, еңбек заңдылығының 2468 бұзылу фактісі анықталған. Осы уақыт аралығында инспекцияға жүгінген 726 кәсіподақ мүшесінің 683-не жазбаша жауап қайтарылған. Инспекторлардың жеке қабылдауында 3513 адам болып, құқықтық кеңес алған. Осы кезеңде құқықтық инспекторлар 129 лекциялар мен баяндамалар жасап, облыстық басылым беттерінде 3 мақала жариялаған. Кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау мақсатында 22 азаматқа сотта тегін өкілеттілік жасалып, заңсыз жұмыстан босатылған 29 кәсіподақ мүшесі өз қызметіне қайта оралды. Барлығын қоса есептегенде өткен жылдың басынан бері инспекция 4628 құқықтық қызмет көрсетіп, барлық нысандағы құқық қорғау жұмысын жүзеге асырудың экономикалық тиімділік жиынтығы 7 млн. теңгеден артық соманы құраған. Бұл туралы кәсіподақтың Атқару комитетінің отырысында құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетов мәлімдеді.
Өткен жұмада өткен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Атқару комитетінің отырысында бұдан бөлек 4 негізгі сұрақ қаралды. Отырысты кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева жүргізді. Жиынға аудандық филиал төрағалары, құқықтық еңбек инспекторлары, комитет мүшелері қатысты. Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібін бекіткеннен кейін, дайындаған жоба құжаттарымен танысты және филиалдың қызметіне қатысты талқылауды есепке ала отырып, бірқатар нақты шешімдерді қабылдады.
Күн тәртібіне сай алғашқы болып Мойынқұм аудандық комитетінің сала қызметкерлерін кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру жұмысы қаралды. Аудандық комитетке қарасты 45 бастауыш ұйымда барлығы 2415 сала қызметкері мүшелікпен қамтылған. Ақпарат берген Кәсіподақ төрайымының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков ауданда әлеуметтік әріптестік аясындағы Келісімнің орындалуын қамтамасыз етуге құрылған екі жақты комиссияның біршама жұмысын атап өтті. Аудандық ұйым төрағасы Бахтияр Махамедов аудандық мәслихат депутаты ретінде білім саласындағы педагогикалық қызметке байланысты кәсіби шараларға аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлу мәселесіне сүбелі ықпал еткендігін айтып өтті. Десе де, комитеттің мүшелікке қамту, өзге де жарғылық міндеттерді жүзеге асыру қызметінде бірқатар өрескел кемшіліктер де жоқ емес екені тексеріс барысында анықталған. Мәселен, аудандық комитеттің жыл басынан бері 6 жоспарлы отырысы өткізілген. Онда жұмыс жоспарын бекіту, ұжымдық шартты талқылау, мерекелерге қаржы бөлу сынды сұрақтар ғана қамтылған. Ал, жарғылық міндеттерді жүзеге асыруға ықпал ететін мәселелер, оның ішінде ынталандыру шараларын, кәсіподақ оқуларының сапасын арттыру, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі, филиалдың есепті жылдардағы қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері, жаңа құрылған бастауыш ұйымдарды мүшелікке алу және мүшеліктен шығару сынды сұрақтар атқару комитетінің назарынан мүлдем тыс қалған. Осыған байланысты аудандық филиалға алқалы басқару органдарының жұмысын талаптарға сай жүйелендіруге, Кәсіптік одақ мүшелерін әлеуметтік қорғау мақсатында ұжымдық шарттарда көрініс тапқан әлеуметтік қолдау мен қорғау шараларының орындалуына қол жеткізуге 1 ай уақыт берілді.
Екінші болып қаралған Жамбыл аудандық, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің және ТарМПИ-ның кәсіподақ ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің есебінің жүргізілуі, қатаң есептіліктегі құжаттардың жүргізілуі мен сақталуының жағдайы туралы анықтамаға сай тексерілген мекемелерде бірқатар кемшіліктер бары анықталып, нұсқаулық талаптарына сай келмейтін құжаттарды қайта қарап, бақылау-тексеру комиссияларының іс қағаздарының, қатаң есептегі құжаттардың жүргізілуін, қаржы-шаруашылық жұмысын сапасын арттыра түсуге бағытталған қызметінің белсенділігі арттырылсын деген тапсырма берілді.
Құқықтық еңбек инспекциясының сала қызметкерлерін құқықтық қорғау жұмысы туралы ақпарат берген Берік Баймағамбетов облыс аумағы мен Тараз қаласында жұмыс істеп жүрген 10 заңгер маманның жұмысына жеке-жеке тоқталды. Құқықтық инспекторлардың жұмысын жандандыра түсіп, жаңадан қабылданатын заңдар мен нормативтік құжаттарға байланысты семинарлар мен жергілікті жерлерде кездесулерді жиі өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
Жиын барысында сонымен қатар Байзақ аудандық ұйымындағы бухгалтерлік есептің жүргізілу жағдайы туралы және Жуалы аудандық комитетінің жарғылық талаптар мен жоғары тұрған кәсіподақ органдарының қаулыларын орындау барысы туралы мәселелер қаралды.
Атқару комитеті қаралған әрбір сұрақ бойынша тиісті қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес барлық филиалдарға нақты тапсырмалар берілді. Жиынды қорытындылаған Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева Атқару комитетінің мүшелеріне анықталған кемшіліктерді тез арада жою мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау жұмысында белсенділік танытуға шақырды.
-
Фото
-