
Білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы ашық келісімге қол қойған болатын.
Осы бағытта үстіміздегі жылдың қазан айының 30-да Жаңақорған және Шиелі аудандарында білім беру мекемелерінің басшыларымен «Білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру » тақырыбында кездесу өткізілді.
Кездесудің мақсаты: білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттандыру, еңбек ұжымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қолданыстағы заң нормаларын кеңінен тарату және түсіндіру.
Кездесуді алғысөзімен ашқан Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов және Шиелі аудандық білім бөлімінің орынбасары Баймұратова Жібек білім бөлімінің «Тәрбиені тұжырымдау негізі» және өткізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде мәлімдеме жасады.
Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Байхожаев Берікбол Ұзақұлы ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Батырбаев Абай Ерсінұлы білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық оқыту мен тәрбиелеу қызметін күшейту, жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп қатер болып табылатынына және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтініне және облыс бойынша статистикалық мәліметке тоқталып өтті.
Еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтың атқаратын рөлі жөнінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының төрайым орынбасары Ескалиева Гүлнар баяндама жасады. Облыстық кәсіподақ комитетінің басты жұмыстарының бірі – білім мекемелерінде ҚР заңдарының сақталуына бақылау, еңбек дауларының әділетті шешілуіне жағдай жасау, ұжымдарда қалыпты моральдық-психологиялық ахуалды орнықтыру ортақ мақсаттағы іс-қимыл мен қарым қатынасты реттеу екенін және кәсіподақ белсенділерін және мектеп директорларын құқықтық ақпараттандыру мақсатында кәсіподақ комитеті оқу семинарларын жиі ұйымдастыратындығын айтып өтті.
Сыбайлас жемқорлықтың және ұжымдағы заңсыздықтың алдын алудың басты құралы- ұжымдық шарт жөнінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының заңгері Утегенова Нұргүл Сабырқызы баяндама жасады.
Қызылорда облыстық білім бөлімі мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің ерекше тұстарына тоқталып өтті. Білім беру мекемелерінің басшыларын ұжымдық шартты-ұтымды тәсілмен жасасуға шақырды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан өзекті мәселелер бойынша көптеген сұрақтар қойылып, өз деңгейінде жауаптар берілді. Кездесуге келген барлық қатысушыларға білім саласына қатысты нормативтік құжаттар және әдістемелік нұсқаулықтар таратылды. Бұл кездесу басқа аудандарда да жалғасын табатын болады.
Қазақстандық салалық білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағының
Қызылорда облыстық ұйымының заңгері
Н.С.Утегенова
-
Фото
-