ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Әлем бойынша жыл сайын өндірісте екі миллионға жуық адам көз жұмса, елімізде күніге бір жұмысшы үйіне қайтып оралмайды. Оның негізгі бір ғана себебі бар – жұмыс орнында еңбек және техника қауіпсіздігін сақтамағандықтан. Еңбек қауіпсіздігі тек өндірісте ғана емес, қауіпсіз саналатын білім мекемелерінде де қатаң сақталуы тиіс. Бұл туралы Қордай ауданында өткен облыстық семинар барысында егжей-тегжейлі айтылып, талқыланды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымының Қордай аудандық комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Білім мекемелеріндегі еңбекті қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қоғамдық бақылауды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы семинарға кәсіподақ ұйымының аппараты, аудандық кәсіподақ филиалдарының төрағалары, әлеуметтік әріптестер, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен еңбекті қорғау бойынша қоғамдық инспекторлар, кәсіподақ үйірмелерінің жетекшілері қатысты.
Осынау күрделі тақырыпты өрбітіп, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісуді мақсат еткен семинар ұйымдастырушылары шараның өтетін орнын да арнайы таңдаған екен. Себебі, семинар өткен Сортөбе ауылындағы №19 Бұлар батыр атындағы орта мектепте тақырып өзегі болған еңбек қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Оған семинар қатысушылары оқу экскурсиясы барысында көз жеткізді.
Семинар жұмысын ашық деп жариялаған аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Байбекова қатысушыларға сәттілік тілеп, белсенділік танытуға шақырды. Оның айтуынша, көрер көзге жеңіл болғанымен, асылында білім саласы өте қауіпті саналады. Онсыз да оңай емес еңбекпен шұғылданатын ұстаздар үшін көрер қиындық көп. Дегенмен, салалық келісімдер, ұжымдық шарттар арқылы аудандағы білім мекемелерінің барлық сатыларында еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға басымдық беріліп отыр.
— Өндірістік жарақаттану, еңбеккерлердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалу жолында көптеген шаралар атқарылуда. Еңбекті қорғау бойынша қоғамдық инспекторлардың жұмысы бір жүйеге қойылған. Соңғы шыққан нормалар мен заңдар арқылы олардың жұмысы реттеліп, тұрақты түрде жетілдіріліп келеді, - деп атап өтті Фатима Байбекова.
Семинардың қызықты әрі мазмұнды өтуін мақсат еткен ұйымдастырушылар қатысушыларды шартты түрде 4 топқа бөліп, оларды жанкүйерлермен де қамтамасыз еткен. Әр топ жарысқа тыңғылықты дайындалып келгендігі олардың ұрандарынан, эмблема мен мойындарына ораған ерекше шарфтарынан байқалып тұрды. Семинар барысында әрбір топ сұрақтарға жауап беру, кластерді презентациялау, түрлі жағдаяттардан дұрыс әрі ұтымды шыға білу сынды тапсырмаларды орындады. Қиналған сәттерде әр топ өздеріне тиесілі залдағы көрермендердің көмегіне жүгініп отырды.
Семинардың жоғары деңгейде өтіп, мазмұнды болуына модераторлардың қосқан үлесі зор болды. Аудандық Техникалық шығармашылық және кәсіптік оқыту орталығының оқытушысы, 2008 жылы өткен республикалық «Үздік қоғамдық инспектор» байқауының жеңімпазы Исанбек Сурабжановтың «Еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі бойынша басшы және норма белгілеуші құжаттар. Білім мекемелеріндегі қоғамдық инспекторлардың функционалдық міндеттері. Мекемелердегі өрт қауіпсіздігі жағдайының өзекті мәселелері» тақырыбындағы дәрісі көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, №9 орта мектебінің кәсіподақ төрағасы Мадияр Әжімхановтың «Білім мекемелеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы дәрісі мен «Жазатайым орын алды. Сіздің әрекетіңіз?» деп аталатын ситуациялық тапсырмасы көп адамның көкейінде жүрген сауалдарға жауап болды.
Семинар жұмысын қорытындылаған кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева шараға белсенді қатысқан топтарды атап өтіп, Қордай аудандық филиалының кәсіподақ мүшелерінің еңбекті қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жұмысына жоғары бағасын берді.
— Бүгінгі семинардың дайындылығы мен өткізілуі лайықты түрде өтті. Ұйымдастырушылар мен баяндамашылар кәсіпқойлық және біліктіліктің жоғарғы дәрежесін көрсетті. Ал семинарға қатысушылар еңбекті қорғау және қауіпсіздік сұрақтарын талқылауда белсенділік пен қызығушылық танытты, нәтижесінде өнімді ой алмасу өтті. Семинар барысында пайдаланып, талқыланған білім мекемелерінде еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жаңа әдістерді игеру және практикалық қолдану жөніндегі жұмыстарды барлық филиалдар меңгеру қажет, - деп тапсырма берді кәсіподақ төрайымы Гүлсін Рахымжанқызы.
Сонымен қатар, кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева көп жылғы жемісті қызметі мен кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін аудандық Техникалық шығармашылық және кәсіптік оқыту орталығының оқытушысы, семинар модераторы Исанбек Сурабжановты «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттада. Семинар қатысушыларына ұйымдастырушылар тарапынан білім мекемелерінде өрт қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, тіршілік әрекеттері, кәсіподақ қызметінің психологиялық аспектілері, қауіпсіз еңбек және тағы басқа көптеген әдістемелік нұсқаулар таныстырылып, үлестірілді.
-
Фото
-