Ардагерлерге тағзым
Павлодар облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жұмыстарының басты бағытының бірі – педагогикалық еңбек ардагерлеріне деген құрмет пен ізеттілік. Әрдайым салалық кәсіподақ ардагерлерді құттықтау, оларды сауықтыру, мерейтой иегерлерін марапаттау және тағы басқа мәдени іс-шараларды жиі өткізіп отырады.
Білім беру саласының ардагерлері бүгінгі таңда «Энергетик» шипажай-профилакторийінде сауықтырылады. Аталмыш мекеме Ертіс жағасында орналасқандықтан, серуендеуге толыққанды мүмкіндік бар екендігін атап өту керек. Мәселен, 2015 жылы облысымыздың 70 педагогикалық еңбек ардагері тегін сауықтырылды.
Дәрігерлердің күтімі, қызметкерлердің байыптылығы және тамаша тамақтандыру бәрі ардагерлердің демалысы мен ем қабылдаулары үшін жағымды жағдай туғызды. Шипажайдағы ардагерлерге арнап, жыл сайын мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады, биылғы жылы – Павлодар қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымдастырған концерттік бағдарлама ардагерлердің көңілдерінен шықты.
Профилакторийдің қызметі мен ем-шара істерін ардагерлер жоғары бағалады. Мысалы, Ақсу қаласы кәсіподақ қозғалысының ардагері Екатерина Илларионовна Цапкова «Қолыма тиген шипажай жолдамасы тек демалыс үшін ғана емес, алдымен, өз замандастарыммен, бұрынғы әріптестеріммен пікір алмасып, әңгіме құру. Ал медициналық қызметкерлер мен персонал үшін барынша ризашылығымды білдіремін» - десе, Қашыр ауданынан келген Мұхаметқалиевтер әулеті: «Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына алғыс айтамыз. Шаңырақ құрғалы 60 жыл өтті, содан бері жұбайымыз екеуміз бірінші рет бірге сауықтыру демалысындамыз», - деп қуанышын білдіріп, «Энергетик» шипажайының бас директоры Татьяна Николаевна Кандыбаеваға және бас дәрігер Олег Васильевич Сукончикке жасалған жағдай үшін ардагерлер атынан алғыстарын білдірді.
Мұғалімдер күнін тойлау қарсаңында облыстық білім беру кәсіподақ ұйымы мен Білім беру басқармасы бірлесіп облысымыздың 30 педагогикалық ардагерлерін құттықтап, құнды сыйлықтар тарту етті. Қариялар күні мен Мұғалімдер күніне орай қоғамдық бірлестік тарапынан кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен кураторларына дастархан жайылды. Салтанатты отырыстың барысында ардагерлер салалық белгілермен және медальдармен,ал облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағын 25 жыл басқарған Н.Д. Никитина «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» алтын белгісімен және тағы екі ардагеріміз «Еңбек ардагері» медальдарымен (Афанасьева В.Н., Ақбергенова Р.Д.) марапатталды. Ал Қариялар үйінде тұратын педагогикалық еңбек ардагері Н.П.Шапконы қоғамдық бірлестік қызметкерлері барып, құнды сыйлықпен құттықтады.
Жоғарыда аталған мерекелер қарсаңында барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында педагогикалық еңбек ардагерлерін құттықтау және марапаттау бағытында түрлі мәдени-іс шаралар өткізілді.
Павлодар облысы білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі