
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
2015 жылғы 15-16 қыркүйекте Ресей Федерациясының Новосібір қаласында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ мен «РФ Новосібір облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ арасындағы 2015 жылғы 20 маусымда жасалған Меморандум аясында Павлодар және Новосібір облыстарының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақтарының «Жастар және білім беру кәсіподағы» атты халықаралық форумы өтті. Аталмыш форумға Ресей тарапынан Новосібір облысының аймақтық саясат министрі Михаил Федорович Жиганов, Ресей тәуелсіз кәсіподақтары федерациясының хатшысы, Сібір федералдық округінің өкілі Александр Юрьевич Гуляко, облыстық білім беру, ғылым және инновациялық саясат министрі Сергей Александрович Нелюбов және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Светлана Геннадьевна Сутягина мен жас ұстаздар қатысса, қазақстандық өкілдері болып Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлбарам Әуезханқызы Наурызбаева, облыстық жастар кеңесінің төрағасы Ернар Иманбаев, Қашыр аудандық жастар кеңесінің төрағасы, жас педагог Санжар Рыспеков пен Шарбақты аудандық жастар кеңесінің мүшесі Азамат Қабдрашитов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті, облыстық кәсіподақ үгіттеу бригадасының мүшесі Юрий Рыбалко және қоғамдық бірлестік филиалдарының төрағалары мен төрайымдары қатысты.
Форум Новосібір қаласындағы 2008 жылы ашылған Ұстаздар үйінің базасында өтті. Әрине, салтанатты рәсімі қаланың тарихы туралы бейнероликпен ашылып, білім беру саласының көкейкесті де өзекті мәселелері қызу талқыға түсті. Жоғарыда аталған Новосібір қаласының Ұстаздар үйінде жас педагогтармен семинарлар, конкурстар, байқаулар, көрмелер, конференциялар мен кездесулер және т.б. шаралар өтетіні айдан анық. Форум барысында жас педагогтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы қызу әңгімелер қозғалды. Жас педагогтарға көрсетілетін кәсіби көмек, жұмыс орнында бейімделу тәрізді проблемалар баршылық. Оларды шешудегі жастар кеңесінің рөлі аса жоғары қарқында талқыланды.
Гүлбарам Әуезханқызы өз баяндамасында жас педагогтардың әлеуметтік-кәсіби бейімделуіне көңіл бөлсе, қазақстандық жастар «Ауылға дипломмен» бағдарламасы туралы жан-жақты ақпараттарын ортаға сала отырып, оның жағымды тұстарын, пайдасын, болашағын атап, ауылдық елді-мекендегі қызметтері туралы тәжірибелерімен, жұмыс барысымен, жоспарларымен бөлісті. Азамат Қабдрашитов өз сөзінде әр оқу жылының басында жаңа келген мамандармен «Тұрмысың қалай, жас маман?» атты акциясын өткізеді, акция барысында әр педагогтың тұрғын үй, жүктеме көлемі мәселелерін зерттей, талдай отырып, білім беру органдары мен әкімшілікке тиісті ұсыныстарын жібереді. Сонымен бірге ресейлік жас әріптестерін онлайн режимде ынтымақтастыққа да шақырды.
Новосібір облыстық кәсіподақ жанындағы жас педагогтар кеңесінің төрайымы Ольга Трунова да өз жетістіктері мен түйіткілдері туралы мағлұмат беріп, жастардың инициативасымен Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл мерекесі аясында облыс бойынша әр қала, әр аудан 70 талдан отырғызған. Патриоттық сезімдерін таныта отырып, оқушылар қауымына үлгі боларлық істерімен көзге түсуде. Ресей елінде де ауылдық жерлерде жастарды жұмыспен қамту, оларға баспана бөлу және басқа да мәселелер баршылық, оларды шешудегі жастар кеңесінің үлесі тысқары қалған жоқ.
Форумның соңы салтанатты ән шырқаумен аяқталып, көрші ел әріптестеріміз болашақта бұл тәрізді кездесулердің жалғасын табар деген үміт артып, жас педагогтардың өзара ынтымақтастығына көңіл бөлу керек деген пікірлерін білдірді.
Ернар Иманбаев - «Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Павлодар облыстық ұйымы»ҚБ жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы
-
Фото
-