.jpg)
Сапалы нәтиженің жемісі
Әрбір мемлекеттің тірегі – білімді де білікті адамдар. Елдің келешегін тәрбиелеу әрбір азаматтың ұлт үшін жасар қызметінің ең бастысы. Жас жеткіншекке жол сілтеп, бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті ұштап, тани білу мұғалімдердің кәсіби шеберлігін қажет етеді. Баланың жеке тұлға ретінде ашылып, мектептегі жан – жақты жетістіктерімен көрінуінің биік белесі – «Алтын белгі» иеленуі.
Оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуден өз білімін сынға салуда ізденуімен шектелмей, олардың психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуде мектеп ұжымымен шектелмей құзырлы мекемелердің де тарапынан басшылық қажет. Әр оқушының мүмкіншілік деңгейі назарда ұсталды. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша 24 оқушы «Алтын белгі» иеленді. Әрбір мұғалім үшін ҰБТ үлкен сын болса, үкілеген үміт артқан оқушының сынақтан сүрінбей өтуі - әрбір мұғалім үшін де сын.
Осынау сыннан сүрінбей өткен шәкірттердің ұстаздарына «Меркі» шипажайына облыс бойынша 40 мұғалімге облыстық білім қызметкерлері кәсіподақынан тегін жолдама берілсе, соның жетеуін шалқарлық мұғалімдер еншіледі.Аталған шипажайдың іргетасы 1981 жылы Д.А.Қонаевтың басшылығымен қолға алынған екен. Таудың арасына орналасқан шипажайдың негізгі емі радон суы арқылы жүргізіледі. Суы - көп ауруларға ем. Сондықтан 10 күн бойы түрлі ем алып, денсаулығымызды түзеуге көп септігі тиді. Емнен тысқары уақытта Меркі шатқалдарына, аудан орталығына саяхат жасап, сол өңірдің тарихымен таныстық. Әсіресе, Меркі шатқалындағы Үңгіртас әрбір демалушыны өзінің ерекше сипатымен таңқалдырды. Ақ патшаның әскерінен зәбір көрген халық тау арасынан үңгір қазып, азық – түліктерін сонда сақтаған. Жамбыл облысындағы Айша бибі, Қарахан мазарларына тағзым етіп, Жамбыл қаласындағы мұражайларды араладық.
Ең қызығы,Ақтөбе облысынан демалуға 40 мұғалімнің келетінін Луговой ауданынан бастап, демалушылардың бәрінің хабардар болғаны еді. Жөн сұрасып, таныса бастасақ «40мұғалімнің бірісің бе, шынымен жолдамаға ақша берген жоқсыңдар ма» деп, таңданысса, алматылық әріптестеріміз облыстық мұғалімдерге осынша марапат жасағандарына ризалық сөздерін айтты. Бұл да өзіміздің демалғанымызбен бірге облысымыздың мәртебесінің биік болғанына кеудемізді керіп, мақтанып қалдық.
Сапалы нәтиженің жемісін көрсеткен ұстаздар елеусіз қалмайды. 2012-2013 оқу жылының қорытындысы бойынша облыс ұстаздары Бурабай өлкесіне туристік саяхатқа жолдама алып шығып қайтса, 2013-2014 оқу жылының қорытындысы бойынша Түркия мемлекетінің Анталия қаласында демалып қайтты.
Осы бір ауыр сыннан сүрінбей өткен ұстаздар тобына қолдау көрсеткен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе Облыстық ұйымының төрайымы Серікова Раушан Серікқызынаалғыс айтамыз.
Ұйымдастыру жұмыстарын ерте қолға алып, жағдайымызды сұрап, еңбек демалысында бола тұра байлынысын үзбеген Шалқар аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Махат Гүлзира Әбдіжәмилқызына шексіз ризашылығымды білдіреміз.
Сая ТөлеуоваАқтөбе облысы Шалқар қаласы
Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің
қазақ тілі менәдебиеті пәнінің мұғалімі
-
Фото
-