
ҰСТАЗДАРДЫҢ ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІНЕ САЯХАТЫ
Павлодар облысының әкімдігі, білім беру басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының үштарапты әлеуметтік әріптестігі аясында тұңғыш рет облысымыздың 20 үздік ұстазына Түркия Республикасы Жерорта теңізінің жағалауына жолдама берілген болатын.
Пәндік олимпиадалардан облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде жеңімпаз оқушыларды даярлаған облысымыздың үздік ұстаздары саяхат жолдамаларымен мадақталды.
Олар оқушыларымен жеке-дара стильмен, ғылыми бағытта және оқытудың авторлық бағдарламасымен жұмыс істеу бағытымен сипатталады. Аталмыш ұстаздардың облысымыздағы білім беру саласына қосқан үлестері өте зор екенін атап өту керек.
Жолдама өз иесін тауып, ұлағатты ұстаздарымыз бауырлас елдің демалысына аттанды.
Демалыс 7 күнге созылды, яғни шілденің 2-8 аралығы болды. Жерторта теңізінің жағалауына келгеннен бастап демалыс барынша қарқынды басталды.
Ең алдымен, туристік компанияның гиді түрлі саяхаттардың бағдарламасымен таныстырып, жан-жақты ұсыныстар жасады. Ұстаздар қауымы бағдарламаны бірауыздан қолдап, саяхттарға жазылды.
Саяхаттың бастамасы Денизли қаласынан 17 км қашықтықта орналасқан көне шаһар Иераполиске (қазіргі атауы – Памуккале) аттандық. Туристер үшін аса танымал да атақты Памуккале (мақта қамалы) аумағы таудың таза, минералды суымен танымал. Сонымен қатар минералды судың температурасы қысы-жазы 36°С бірқалыпты тұрақтылығын сақтайтын Клеопатра бассейні тәрізді таңғажайып жерлермен әрі жергілікті тарихпен де танысып үлгердік.
Бір көрікті жерден әсеріміз тарқамай, келесі күні Түркияның екінші бір тарапына аттандық. Демре, Мира қалаларының тарихын тарқатып, Кекова аралына да жеттік. Тарихы тереңде жатқан жергілікті жерге тамсанып, айнала түрлі ғажайып көріністерге куә болдық. Су деңгейінің астында һәм үстінде орналасқан көне қалалардың қалдықтарына көз жүгіртіп, барынша суретке түсіруге де асығыс болдық. Әрине, бұл біздер үшін жаңалық, «жүз рет көргенше, бір рет көр» дегеннің дәлелі болар. Мира қаласының бір ерекшелігі – тау бөктерінде сақталып қалған көне мазарлар. Ескі сенім бойынша неғұрлым биік жерленсе, соғұрлым құдайға жақын деген түсінік болған. Міне, көне тарихты естіп қана қоймай, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, бойымыздан өткіздік.
Түркияны былай қойып, Жерторта теңізінің қарсы жағалауына да аттанып үлгердік. Ең көне әрі қасиетті жерлердің бірі Иерусалим қаласына жол бұйырды. Израильге саяхатқа аттана отырып, Иса пайғамбардың туған еліне аяқ басып, христиандардың кіші қажылығына куә болдық. Саяхатымыз Иерусалим, Вифлеем қалаларынан басталды. Көне дәуірге аттанғандай сезінсек керек. Шіркеу және теңіз деңгейінен ең төмен орналасқан Иордан өзені мен ағынсыз Өлі теңізге де сапар шектік. Екі мемлекеттің ортасында орналасқан емдік қасиеті бар Өлі теңіз бізді құшақ жая қарсы алды.
Тарихы 5000 жылды құрайтын Иерусалим қаласындағы ең көне қасиетті Ақса мешітінің жанында орналасқан «Жылау қабырғасына» әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер мен қонақтар қағаз бетіне жазылған тілектерін «қабырғаға» қыстырып, сыйынған кейпін көреміз деген «үш ұйықтасақ, түсімізге кірместей» болды.
Саяхаттың соңы Гиннес рекордтар кітабына екі мәрте енген 120 бишіден тұратын түрік ансамблінің көрінісі. Минутына 241 би қимылын орындау және әлемдегі ең үлкен аудиторияны қамтуы, 400 000 мың көрерменнің қатысуы.
Көне Гректерден қалған 15000 орынды амфитеатр да саяхат бағдарламасынан тысқары қалған жоқ. Өзіңді көне заманда жүргендей сезім алып, бойымызды керемет әсер биледі.
Ұстаздар қауымы әлеуметтік әріптестік аясындағы саяхаттың тиімділігін ескере отырып, Павлодар облысының әкімдігіне, Білім беру басқармасына, Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына барынша алғыстарын білдіріп отыр. Сонымен бірге «Happy travel» және Anextour саяхат фирмаларына ризашылықтарын танытуда.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ-нің
баспасөз қызметі