Шаттыққа толы қызық күндер
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті 2015 жылы – республикамыздың үздік 10 оқу орнының қатарына енді. Мұндай жетістіктерге жету үшін университетімізде көптеген жағдайлар жасалған. Сапалы білім алумен қоса, саналы тәрбие беру де басты мақсаттардың бірі. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаратын әрине студенттердің кәсіподақ ұйымы. Ұйымның басты мақсаттарының бірі білім алушылардың студенттік өмірін неғұрлым есте қаларлықтай өткізуге бағытталған. Сол мақсатта түрлі іс-шаралар, форумдар мен конференциялар өткізіледі. Білім алушылардың тек университет қабырғасымен шектеліп қана қоймай, сырт жақта өткізілетін мәдени іс-шараларға да қатысуы қарастырылған.
Университетіміздің бір топ студенттері Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «мәдени іс-сапарынан» оралды. Үш күнге созылған облысымыздың жалынды жастарына арналған семинар Ақмола облысының аумағындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи демалыс орнында өткізілді. Қостанай жерінің түрлі аймағынан жиналған белсенді студенттердің басын қосқан бұл семинардың басты мақсаты - тәжірибе алмасып, бір жыл бойы студенттердің еңбек ұйымының жасалған жұмыстың нәтижесін шығаруға бағытталған. Форумға қатысқан әр оқу орны өз бағдарламасын таныстырды. Жақсы көңіл күй, түрлі тренингтерден тұрған бұл іс-шарада университетіміздің тобы басқа оқу орындарынан ерекшеленді. Әр факультеттің еңбек ұйымына жауапты студенттерден жиналған топ өздерімен бірге білім алушылардың тілектері жазылған қорапшаны тау шыңына көміп, университетіміздің туын биікке асқақтатты.
Студенттік кез - адам өміріндегі есте қаларлық ең бір жарқын, жайдарлы шақ. Шаттыққа толы қызық күндер, жаңа достар мен әсерлі оқиғаларға толы кезең. Осы керемет кезге жаңаша әсер қосқан Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымына университетіміздің жастарының атынан айтар алғысымыз шексіз.
Н.Мамиев