«Мектеп-білім тірегі, Ұстаз-оның жүрегі» атты аудандық жас мамандар байқауы
«Қазақстанның болашағы-білімді ұрпақ»-деп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, оқу-тәрбие жұмысында жастардың білімі мен дарынын ұштастыра отырып, Қазақстанның мүддесін қорғайтын жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі мектеп пен ондағы ұстаздардың міндеті.
Ауыл-қазақтың алтын бесігі болса, мектеп-ауылдың ұйытқысы, шәкірт жүрегіне жол табатын білім ордасы. Осындай жас ұрпаққа білім беріп келе аудан мектептерінде «Жас маман мектебі» әдістемелік кабинеті жұмыс жасайды. Жас мамандар мектебінде әр мектептің тәжірибелі ұстаздары жетекшілік етеді. Еліміздің болашақ тізгінін ұстар жастарымыздың білімділігі, жан-жақты қабілеттілігі қоғамымызда аса маңызды. Осыған орай, жақында аудандық білім бөлімі мен білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Мектеп-білім тірегі, Ұстаз-оның жүрегі» атты жас мамандар арасында байқау өтті.
Аталмыш байқаудың басты мақсаты - жас ұстаздардың дарынын ашып, мамандығына деген қызығушылығын арттыру. Сайыс екі кезең бойынша өтті. Бірінші сайыскерлердің өзін – өзі таныстыруы кезеңі болса, екінші кезең үш бөлімнен тұрды. Жас ұстаздарымыз бұл байқауда әр қырынан таныла білді. Нәтижесінде, бас жүлдені Ақбұлақ орта мектебінен келген жас маман Жүнісбекова Риза иеленсе, бірінші орынды № 3 Күршім гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадиева Назым ие болды. Ал, екінші орынды Қалжыр орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Коксинова Динара ие болды. Үшінші орынға Сарыөлең орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Бейсенбина Әйгерім қол жеткізді. Жеңімпаздар мен қатысушыларға білім бөлімі және аудандық кәсіподақ ұйымының бірлескен Құрмет грамотасы және ескерткіш сыйлықтары табыс етілді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»-деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, мұғалім үнемі өз шығармашылығын жетілдіріп, өзін-өзі дамытып, әрқашан да ізденіс үстінде болуы керек. Оқушыға берілетін білім сапалы болу үшін, ең алдымен, ұстаз жан-жақты білімді болуы керек, ал екіншіден мұғалімнің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі керек . Сонда біз келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие бере аламыз.Кезінде ұлы ғұламалардың бірі «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл қанатты сөз ешқашан өзінің мәнін жойған емес. Сондықтан ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың болашағы бірінші кезекте мұғалімнің берген білімі мен тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты.
Ә. Қосамбеков - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы
білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы