
Жетім көрсең жебей жүр
Қазақстан кәсіподағының 110 жылдығы қарсаңында Астана қаласынан бастау алған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен аудан орталығындағы жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Аталмыш қайырымдылық шарасының өтуіне Қандыағаш қалалық №1 аула клубының өнерпаздары үлес қосты. Ұйымдастырылған іс-шараға шақырылған 40-тан астам ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға арналып «Біз бақытты баламыз» атты концерттік бағдарлама тарту етіліп, олар өнерпаздармен бірге ән салып, би биледі. Сонымен қатар, балалармен флеш-моб ұйымдастырылды.
Қазақ ертегілерінің желісі бойынша қуыршақтар театры көрініс көрсетіп, «Әрқашан күн сөнбесін» атты сайысы бойынша шараға қатысушы балалар жерге суреттер салып, өзара жарысты.
«Шынықсаң шымыр боласың» атты тақырыпта Қандыағаш қаласындағы спорт алаңдарында футбол ойындары өткізілді. Қайырымдылық шараның соңында аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Есімхан Шымқаев белсенділерді мадақтады. Сондай-ақ, қаладағы «Темірқазық» мейрамханасында балаларға арналған дастархан жайылып, сыйлықтар таратылды.
Аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Есімхан Әбенұлы Шымқаевтың айтуынша, аудан бойынша ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар саны 79. Осындай игі шаралардың аясында олардың барлығына да қамқорлық көрсетіліп тұрады.