.jpg)
Жеңіс күні мерекесіне орай Ақтөбе облысы Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақтығали Бектұрғановтың бастамасымен аудан орталығындағы білім саласы қызметкерлері арасында бұқаралық марафон жарысы өтті
ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ АРНАЛДЫ
Әрине, бұл жерде қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бес топқа бөлініп және ерлер мен әйелдерге арналып әртүрлі қашықтықтар белгіленді. Ойылдағы Байсалбай Жолмырзаев көшесіндегі скверді айнала жүгірген марафонға алдымен 23 жасқа дейінгі қыз балалар шықты. Олардың қашықтығы 2000 метр. Мәре сызығын Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Айдана Ысымғалиева төрт минутқа жетпейтін уақытта кесіп өтсе, 3000 метрге жүгірген осы жастағы ерлер арасында Ерік Аманжоловқа тең келер ешкім болмады. Мұғалімдердің негізгі бөлігін әйелдер құрайтыны рас. Ал, олардың ішінде қырық жасқа дейінгілердің үлесі басым екендігіне осы марафонда көз жеткіздік. Бірақ, олар үшін 1000 метр қашықтық белгіленді. Жиырмаға жуық замандастарының арасынан Жангүл Ибағұлқызы оқ бойы озық келді. 2000 метрге жүгірген осы жастағы ерлердің ішінде Қайдар Ғапуов бірінші келсе, 49-ға дейінгі әйелдердің арасында Үзілхан Жаманова алдына жан салмады. Ал, ерлер арасында Ержан Нұрқас озды. 59 жасқа дейінгі әйелдердің ішінде Ойыл қазақ орта мектебінің мұғалімі Люба Сисенғалиева, ерлер арасында Мақсот Сұлтанов мәреге бірінші келді. 60 жастан жоғарылардың ішінде Ғәріпжан Мұхамбетзиянов басым түсті.
Бұқаралық жүгірудің мақсаты – Ұлы Жеңіске құрмет көрсетіп, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздеген марафонды ұйымдастырушылар ұстаздардың үлгісімен спортты жастар арасында насихаттады. Жарыс соңында барлық жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.