
ЖЕҢІСКЕ ТАҒЗЫМ
«Қазақстандық салалық білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігіҚарғалы аудандық кәсіподақұйымының төрайымы Индира Сакауова
Хормен ән салу – музыка өнерінің маңызды бір саласы. Ол басқа да өнер тәрізді адамның жан толқынысын, көңіл-күйін, эмоциональді-психологиялық қалыпының сан қилы нақыш-қырларын жеткізе отырып, хор әншілерінің музыкалық-эстетикалық мәдениетін қалыптастыру бағытында тәлім-тәрбиелік қызмет атқарады. Сайысқа қатысушылардың шеберлігін көтеру, патриоттық сезімді насихаттау мақсатында Қарғалы аудандық кәсіподақ ұйымы мен Қарғалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 22-25 сәуір күндері аралығында Қарғалы ауданының білім беру ұйымдары мен мекемелері қызметкерлері арасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіске тағзым» патриоттық әндер сайысы болып өтті. «Жеңіске тағзым» патриоттық әндер сайысына қатысуға білім беру мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлерінен құралған 20 хор ұжымы тілек білдірді. Сайыс ұжымдық, сайыскерлер құрамы – 15 адамнан жоғары болуы тиіс деген сынды талаптар қойылды. Сайыс 2 бағдарламадан тұрды:
- Қазақ әнін хорда орындау;
- Орыс әнін немесе шетел әнін хорда орындау.
Патриоттық әндер сайысының І кезеңі бекітілген кестеге сәйкес әр мекеме ғимаратында өткізілді. Қай мекеме ұжымын алсақ та, олар өздерінің дайындығын, шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете алды. Жеңіс мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шара болғандықтан, осы тақырыпта безендіру, арнайы сахна киімдерін дайындау, сахнаны көркемдеу жұмыстары да өз дәрежесіне сай жасалғандығы көрінді.
29-сәуірде аудандық мәдениет үйінде өтетін гала-концертке І кезеңінің қорытындысы бойынша № 1 Бадамша орта мектебі, № 2 Бадамша орта мектебі, В.И.Пацаев атындағы орта мектеп, Херсон негізгі мектебі, «Айгөлек» балабақшасы, «Бәйтерек» балабақшасының ұжымдары жолдама алды. Осы ақтық сында әділқазылар алқасы (Н.Қ.Исмурзин – аудандық мәдениет үйінің директоры, И.Б.Сакауова – аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы, Р.Ш.Уксукбаева – аудандық білім бөлімінің әдіскері) таңдау жолы қиын болса да, өз байламын жасап, І орынды В.И.Пацаев атындағы орта мектеп, ІІ орынды № 1 Бадамша орта мектебі, Херсон негізгі мектебі, ІІІ орынды № 2 Бадамша орта мектебі, «Айгөлек» балабақшасы, «Бәйтерек» балабақшасының ұжымдарына табыстады.