АҚТӨБЕДЕ САЛА ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы 2022 жылды қорытындылады. Шығармашылық академиясында өткен салтанатты шарада салалық кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, сала үздіктерін марапаттады.
«Міне, тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, 2023-ші жылға аяқ бастық. Өткен жыл еліміз үшін саяси даму және экономикалық трансформация кезеңі болды. Қоғам өміріне көптеген өзгерістер еніп, жаңа бастамаларға негіз қаланды. Жаңа Қазақстанмен бірге Жаңа кәсіподақ тұжырымдамасы жасалып, кәсіподақ қозғалысын жаңғырту жолға қойылуда.
Өткен барыс жылы білім саласы елеулі жаңалықтарымен есте қалды. Салалық кәсіподақ та педагогтардың мүддесін қорғау бағытында игі істер атқарды. Кәсіподақ мүшелерінің талап-тілегі назардан тыс қалған емес. Келіп түскен өтініштерге заң шеңберінде жауап беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. 2021 жылы заңсыз ұсталған, осы уақытқа дейін төленбей келген 54 млн теңге өндірілген болса, 2022 жылы экономикалық тиімділік көрсеткіші 43 млн теңгені құрады. Ұстаздардың құқығын қорғау, әлеуметтік-материалдық тұрғыда қолдау шаралары үзілген жоқ»,-деді Р. Серікова.
Салтанатты шарада кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін бір топ азаматтың кеудесінде төсбелгілер жарқырады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев марапатталды. Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Рита Еркусимова мен Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Сәндібай Дербісов ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медаліне ие болды. Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының есепшісі, облыстық тексеру комиссиясының төрайымы Жұмагүл Обаеваға ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ Ардагері» төсбелгісі табысталды. Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды.
ҚР Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен 2022 жылдың «Әлеуметтік әріптестік жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осы ретте кәсіподақты қолдап, бірлесе жұмыс істеген әлеуметтік әріптестерге де ілтипат көрсетілді.
Сонымен қатар, үздік кәсіподақ мүшелері, ұстаздар мен бастауыш кәсіподақ төрағалары да сый-құрметке бөленді. Сала майталмандарына «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына айырықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Құрмет грамоталары тапсырылды. Облыстық білім басқармасы мен салалық білім кәсіподағының марапаттары да өз иелерін тапты.
Марапат иелеріне кәсіподақ есебінен қаржылай қолдау көрсетіліп, емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама тарту етілді.