ҰСТАЗ ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕУЛІ
Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның бойындағы білім мен ақылы, ойының қуаты талай «тентекті» жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді.
Бұрынғы қазақ даласындағы ағартушылық білім балаға жазу-сызуды, оқуды үйретсе, бүгінгі мұғалім оқушыларына ғылым негізінен мәлімет беріп қана қоймайды, оны дүние жүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейді. Бұл нағыз – ұстаздың ғана қолынан келеді.
Мақаламыздың басты кейіпкері – Орынбаева Илия Өтесінқызы да үлгі тұтуға лайық, Таганрог мемлекеттік педагогикалық интитутын бітірген, жоғары білімді, қазақ сыныбындағы орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог- зерттеуші, ел-халқына еңбегі сіңген ардақты ұстаз.
Илия Өтесінқызы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, «№13 гимназиясы» КММ-де орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарып жүргеніне бүгінде 28 жыл. Осы 28 жыл ішінде шәкірттерге сапалы білім беріп, біршама белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жете білді, атап айтар болсақ «Зейін» республикалық олимпиадасында орыс тілі пәнінен 2-орын алғаны үшін «Диплом» 2019ж, Анталия /Түркия қаласында өткен халықаралық «EDUANT» білім корпорациясынан «Алғыс хат» 2019ж, республикалық «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығынан «Алғыс хат» 2021ж, «№13 гимназиясы» КММ-нен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «Алғыс хат» 2021ж, XIII халықаралық олимпиадаға оқушы дайындағаны және белсене қатысқаны үшін «Алғыс хат» 2021жылы…
Өзінің жеткен жетістіктері, шәкірттерінің жеткен жетістіктері қаншама. Джанибекова Ж. Халықаралық М.В.Ломоносов атындағы турнирге қатысқаны үшін «Мақтау қағазы» 2020ж. 11сынып Құрман Қ. жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен 2-орын алғаны үшін Маңғыстау облыстық білім басқармасының «Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінен «Диплом»2021ж…
Тізе берсек жеткілікті. Мұғалімнің ерекше үлгі болатын қасиеттерінің бірі - іздену. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен-ақ оның ұстаздығы да жойылады» деген М.Әуезовтың қанатты сөзі бекер айтылмаса керек...
Ұстаздық ету тек сабақ өткізумен шектелмесі анық. Білім мен тәрбиені тығыз ұштастыра отырып, кәсіби қызметіңді семинар, конкурс сынды түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысумен кеңейтер болсаң, нұр үстіне нұр. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт- бағдар бере білу – шеберліктің белгісі. Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы.
Илия Өтесінқызы 1993 жылдан бастап орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарып келеді. Осы пән оқытушысы болғандықтан, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін біріншіден, жекелеген әдеби шығармаларды оқытып-талдату барысында шәкірттерді шығармашылықпен жұмыс істеуге назар аудартса, екіншіден оқушының логикалық ойлау дәрежесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударта отырып, дәстүрден тыс шығарма, өлең жазу дағдыларын қалыптастырды.
Өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және сауаттылығымен кез-келген шәкірт жүрегін жаулай білетін сүйікті ұстаз оқушылармен көптеген жұмыстар атқарып, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиада мен конкурстарда ұлан-асыр жетістіктерге қол жеткізді.
Пәндік олимпиада мен конкурстардың шығармашыл балалар үшін алар орны бөлек, себебі жеңімпаз атанған жанның абыройы артады, ол өзінің ғана емес, мектебінің де мерейін асырады. Ынта-жігері, құлшынысы өсіп, жаңа белестерді бағындыруға ынтығады.
Ұстаздық қиын да, дара жолды өзінің отбасымен бірге қатар алып жүретін сүйікті жар, аяулы ана, ақылшы ұстаз - әлі де ізденіс үстінде.
Қорытындылай келе, ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті.
Ендеше, бүгінгі білім мен білік, бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Оны мүлтіксіз атқаратын да, өз кәсібіне шын берілген, өз мамандығының шебері – Илия Өтесінқызы атты мұғалім. Ол – қашанда құрметке лайық тұлға!
Р Бекова,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, «№13 гимназиясы» КМ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы