КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ БІЛІКТІЛІГІ АРТТЫ
Қоғамдық бірлестіктің негізгі бағыттарының бірі – кәсіподақ мүшелері мен активін оқыту болып табылады. Осы бағытта Оқу ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағымен бірлесіп, ұжымдардағы Келісу комиссиясының мүшелеріне арналған семинар өткізді.
Оған Жетісу облыстық ұйымына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы қызметкерлер қатысты.
Шараны облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, оқыту-семинарының мақсатын белгілеп, тұрақты қызмет атқаратын келісу комиссиясының маңыздылығына тоқталды. Облыстық ұйымға еншілес аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының тізімі алдын-ала жинақталғанын және 2022 жылдың соңында 1500 – ге жуық адамның 10% ғана біліктілігін арттырып, арнайы сертификат алғанын айтты. Аталған бағыттағы жұмысты жандандырып, кәсіподақ барлық комиссия мүшелерін оқыту үшін арнайы бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева семинарды жалғастырды. Жиын барысында жеке еңбек дауларының туындау себептері және оны қарау тәртібі туралы жан-жақты түсіндірді.
«Ұжымдық ахуалды қалыптастыру үшін аталған комиссия жұмыс беруші және жұмыскерлер арасында тең дәрежеде құрылады. Комиссия құрамы қызметкерлерге мәлімет үшін көзге түсетін жерге орналастырылуы қажет. Еңбек адамының туындаған сұрағын уақытында қарап, қос тарап ортақ шешім қабылдауы керек», -деді баяндамасында салалық кәсіподақтың өкілі Райхан Мамашиқызы.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері жыл сайынғы оқытудан өтуге міндетті екенін, құқықтары мен атқаратын қызметі турасында кеңес беріп, арыздың қаралу ретін нақтылады. Еңбек дауларында келіссөздер жүргізу, оның заң аясында шешілуі маңызды екенін айтты. Семинар барысында туындаған сұрақтарға жеке–жеке тоқталып, толық жауап берді.
Оқыту-семинары төрт күнде Жетісу облысындағы Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Көксу аудандарын қамтыды. Жалпы саны 660 кәсіподақ мүшесі білімін жетілдірді. Оқыту-семинарына қатысқан педагогтарға сертификат табыс етілді.
Бұл шара алдағы уақытта жалғасын тауып, Панфилов, Кербұлақ, Қаратал, Сарқан, Алакөл аудандарындағы сала қызметкерлерінің де біліктілігі арттырылмақ.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу»
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі