ЕҢБЕК АДАМЫ
«Ұрпақ тәрбиесі -ұлы мұрат» деп таныған, сол жолда еңбек етіп жүрген жанға қандай құрмет жасалса да орынды. Сондай құрметке лайықты жандардың бірі – Шалқар аудандық көркемсурет лицейінің директоры Төлеубаев Дәулетжан Бақытжанұлы.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр –сыры мол, күрделі де жауапты шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.
Төлеубаев Дәулетжан Бақытжанұлы 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Көркемсурет-графика факультетін үздік дипломмен аяқтап мұғалім мамандығын алғаннан кейін туған топырағына келіп, білім нәрімен сусындаған Шалқар ауданы №2 орта мектебінде еңбек жолын бастады. Еңбек жолында алдыңғы қатарлы болып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласы, білімімен және тура айтатын қасиетімен тынбай жұмыс атқарып, жемісті еңбек етті. Кейін Шалқар аудандық білім бөлімінде әдіскер мамандығы бойынша қызмет етті. Өзінің ұлтжандылық, адалдық, ізденімпаздық, еңбекқорлық, мейірбандылық қасиеттерімен де даралана түсті. Дәулетжан Бақытжанұлы- өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, өзін-өзі көрсете білетін, тура сөйлейтін, бұра сөйлегенді жақсы көрмейтін, жаңалыққа жаны құмар адам.
«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегендей, өнерге деген үлкен қызығушылығы мен жастық жігері, өз бойымдағы өнерді жас ұрпаққа үйрете біліп, оқушылардаң бос уақытын өнер үйренуге жұмсауына титтей де болса ықпал жасай алсам, талантты балалардың дарынын аша алсам деген арманы жетелеп, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өте күрделі кезеңде алда кездесер қиындыққа мойымай, аудан әкімдігі мен аудандық білім бөліміне ұсыныс білдіре жүріп 1996 жылдан бастап өзінің күш -қуатымен, қаражатымен облыстық білім басқармасының шешімімен қаладағы бұрын балабақша болып жабылып қалып бос тұрған ғимаратты Шалқар аудандық өнер студиясы етіп ашты. Талапты оқушының дарынын шыңдап, өнер биігіне жетелеу мақсатында ашылған өнер студиясы 1997 жылдың тамыз айынан бастап Шалқар аудандық көркемсурет лицейі болып ашылды. Сол кезеңнен бастап директорлық қызметіне тағайындалып қазіргі таңға дейін өнер ордасының қыр-сырын меңгеріп, бала жанын түсініп, білім саласында еңбек етіп шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына 35 жылдан асқан ұстаз білім мен ғылымға деген талпыныстарын ұлттық тәлім-тәрбие негізінде оятуға бағытталған тарихы бар мекемеде 25 жылдан асқан басшылық қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы уақыт кезеңінде Дәулетжан Бақытжанұлы іскер басшы бола білді. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді дарытушы ізгі жан бола алды. Дəулетжан Бақытжанұлы «Шаршадым» деп жалықпады, қайта қазіргі заман талаптарына сай өзіндік көзқарасы, саяси түсінігі бар, ұлттық құндылықтарды жоғары бағалайтын, өзінің қызметтік міндетін мүлтіксіз адал атқаратын білікті маман, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары зерттеуші санатындағы тәжірибелі басшы. Үлкен адамгершілік пен кішіпейілдікті жоғары ұстаған Дәулетжан Бақытжанұлы өзі басшылық етіп келе жатқан ұжымның әр мүшесіне кішіпейілдікпен, ағалық қамқорлықпен қарап қолдау көрсетіп отырады.
Дәулетжан Бақытжанұлы жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Өз ісін жетік білетін, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, өз білімін үздіксіз арттырып отыратын басшы. Педагогикалық қағидасын ұстанатын ұстаздың жан-жағымен араласуға шеберлігі, қарым-қатынасы мәдениеті, өзін өзі ұстауы жоғары. Осындай шеберлігімен сурет өнер ордасынан қазіргі таңға дейін 346 түлекті ұясынан ұшырып, «Суретші- безендіруші, дизайнер» куәлігін табыстаған. Өнер ордасын аяқтап, лицейден алған білімін жоғарғы оқу орнында жалғастырып, бүгінгі таңда өзі білім алған өнер ордасында мұғалім боп, шәкірт тәрбиелеп жүрген түлектері да жеткілікті.
Адал еңбек әрқашан адамды биікке көтеріп, мерейін асырады. Осындай еңбектері ескеріліп 2018 жылы Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен, 2018 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен мараратталды. 2019 жылы ауданның «Жыл адамы» атағы берілді. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Ы. Алтынсарин” атындағы төсбелгісімен марапатталды.
Өз ісіне шебер білікті басшының ұжымды басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденімпаздығы нәтижесінде мекемесі көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 2016 жылы халықаралық «Зелёная планета» байқауында, Алматы қаласында өткен республикалық «Дети рисуют мир» байқауында жүлделі орындарға ие болды.өнер орталығының жұмыстары «Шығармашылық қобдиша», «Темірқанат»,«Дети рисуют мир», «Алтын тұмар» жинақтарына енді.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен –ақ оның ұстаздығы да жойылады»,- деген М.Әуезовтың қанатты сөзі бекер айтылмаса керек... Ұстаздық деген қиын да, дара жолды өзінің отбасымен бірге қатар алып жүретін сүйікті жар, аяулы әке, ақылшы басшы әлі де ізденіс үстінде .
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-