КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ ДЕМАЛЫС
Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой,- деп Мағжан ақын жырлаған Түркістан қаласы бүгінде еліміздің рухани орталығы Һәм заманауи сән-салтанаты келіскен шаһарға айналды.
Бүгінде хандар мен билер, абыздар мен игі жақсылар мәңгі тыныс тапқан мекенге келетін туристер саны артқан. Оларға көк күмбезді кесене алыстан мен мұндалап қол бұлғаса, шырайлы шаһардың руханиятын көрсететін орындар да бой көтерді.
Киелі өлкенің кереметтерін көру мүмкіндігі Ақтөбе өңірінің ұстаздарына бұйырды. Көктемгі демалысқа шыққан мұғалімдерге салалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Түркістан қаласына саяхат сыйлаған болатын.
Мәселен, Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының есебінен спортты жанына серік еткен ұстаздар, соның ішінде спартакиадаларға қатысып, спорттық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген белсенді кәсіподақ мүшелеріне киелі Түркістан қаласына жолдама ұсынды.
Бағдарлама бойынша жас ұстаздар Арыстан бабтың басына, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Укаша ата өзге де киелі орындарға барып, тәу етті. Сондай-ақ,«Керуен Сарайды» аралап, жаңарған шаһардың заманауи келбетін тамашалады. Спортшы ұстаздарымыз осындай рухани-мәдени демалыс сыйлаған кәсіподақ ұйымына алғыстарын жаудыруда.
Алға, Хромтау ауданының ұстаздары да "Жаңарған Түркістан" рухани-танымдық экскурсиясына барды. Білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жемісті еңбек етіп жүрген мұғалімдерге киелі Түркістан қаласына жолдама берген болатын.
“Түркістан – тарихтың талайын көрген көне шаһар. Мұнда түркі тілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен санасын ұмыттырмайтын жәдігерлер сақталған.
Ұлы даланың тарихын біліп, өткеннен мағлұмат алу – ұрпақ үшін құнды қазына. Киелі Түркістанға сапар біз үшін тарихи тағылымы мол, керемет сезім сыйлады”,- дейді ұстаздар.
-
Фото
-