ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ
Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіруге, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда өзінің еңбегін аямаған, ғұмырының соңына дейін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Ақтөбе өңірінің тумасы Көбеков Құдабай Нағыметұлының еңбегі зор.
Құдабай Нағыметұлы 1973 жылы Белқопа сегіз жылдық мектебіне дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Кейін Ақтөбе педагогика институтын «бастауыш клас педагогикасы мен методикасы» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алып шығады. 1989 жылы Белқопа негізгі мектебінің оқу-ісі меңгерушісі болып бекітіледі. 1989-2000 жылдары Белқопа орта мектебінде оқу-ісі меңгерушісі болып жемісті еңбек етеді. Саналы ғұмырының 28 жылын ұстаздыққа арнаған жан 2000 жылы өмірден өтті.
Жолдасы Көбекова Аққаным Әкімжанқызы 2014 жылға дейін Белқопа орта мектебінде екінші санатты бастауыш класс мұғалімі болып, үздіксіз 32 жыл еңбек етті. 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Белқопа мектебінің бастауыш класс кабинетіне есімі берілді.
Жұбайы Құдабай екеуі мұғалімдік қызметті қатар атқара жүріп, 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп, қазіргі таңда жемісті еңбек етуде.Еңбекке бір табан жақын болып өскен ұл-қыздары мен келіндері де ұстаздық жолды жалғап, шәкірттер тәрбиелеп келеді.
Балаларының үлкені Көбеков Ерболсын Кұдабайұлы еңбек жолын Белқопа орта мектебінде мұғалім болып бастады. 2003-2008 жылдары Белқопа орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Кейін осы мектепке басшылық етті. 2012 жылдан бері «Шағала» санаториясы жанындағы орта мектептің 28 жыл еңбек өтілі бар, бірінші санатты тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.
Келіні Байғожина Айнур Еламанқызы да ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі Талдық,Белқопа ауылдарының мектептерінде, облыстық физика- математика мектеп-интернатында жұмыс істеді.
Шәкірттерінің «сегіз қырлы, бір сырлы» болуы үшін талмай еңбек етіп келе жатқан Көбеков Нұрбол Құдабайұлы Белқопа орта мектебінде 10 жылдан бері көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Келіні Қойшыбаева Балауса Белқопа орта мектепбінің биология пәнінің мұғалімі, еңбек өтілі -17 жыл, педагог-сарапшы.
Осы әулеттің келіні Ермағамбетова Бақытгүл Тоқтарқызы ұстаздар династиясының жолын жалғап өзі де үлгілі шәкірт тәрбиелеп келеді.
Қара шаңырақтың келіні атанып отырған Дуйсенбаева Динара Еркінқызы Белқопа орта мектебінде өзін-өзі тану пәні бойынша сабақ берді.
Ата-анасы салған сара жолын қызы Көбекова Гүлім Құдабайқызы жалғастырды.
«Ұстаз - ұлт болашағын тәрбиелеуші, бүгінгі ұстаз-ертеңгі ұлттың тізгіндеріне бағыт сілтеуші» демекші, тұтас бір әулеттің адамдары өздерінің барлық қажыр-қайратын, білімін жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқандығы ерекше құрмет пен айрықша бағалауға әбден лайық! Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп келе жатқан Көбековтер әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 170 жылды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш немере-шөберелерімен жалғасын табады деп сенеміз!
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі