ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТ
Рамазан айының алғашқы күндерінде оңтүстіктегі қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен киелі және тарихи мекендерді аралау мақсатында Қарағанды облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы аудандық және қалалық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелеріне тарихи саяхат ұйымдастырды.
Саяхат Бәйдібек би ауданындағы «Ақмешіт» үңгірінен басталды, ел аузында киелі аталып кеткен, 250 метр биіктікте таудың сілемінде орналасқан Ақмешіт үңгірі қаладан 70-80 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Келесі тарихи орындардың бірі «Домалақ Ана» кесенесі болды. «Домалақ Ана» Бәйдібек бидің кіші әйелі Нұрила - көптеген әйелдерге ана бақытына ие болуға көмектескен нағыз тарихи тұлға. Аңыз бойынша, Ұлы жүз, Албан, Суан және Дулат Домалақ ананың ұрпақтары. Бүгінде қазақ оны бүкіл қазақ халқының анасы деп санайды. Түркістандық ғұлама Қожа Ахмет Яссауидың әкесі Ибраһим Ата және анасы Қарашаш Ана зираттарына бас бұрып, құран бағышталды. Келесі бағыт Орталық Азияның ең ежелгі қалаларының бірі, ең атақты философ Әбу Насыр Әл-Фараби туып-өскен Отырарға және XII ғасырда салынған, бүкіл әлем мұсылмандары тәуеп ететін қасиетті орын, Ежелгі Отырар қаласына жақын жерде орналасқан зәулім ғимарат келбетімен келген елді таң қалдыратын Арыстан Баб кесенесі болды. Саяхаттаушылар Арыстан Баб кесенесінен кейін Түркістан қаласына ат басын бұрды.
Ертегілер әлеміне айналған Түркістандағы «Керуен-Сарай» туристтік кешені керемет ерекше құрылысымен таң қалдырады. Түркістанның кішірейтілген макетінен қаланың мәдени, рухани нысандарын тамашалауға болады. Кешенде жүздеген халық сауда-саттық, ойын-сауық, театр сияқты көптеген жұмыс орындарымен қамтылған. Кешкі сағат тоғызда жиналған халық су ішіндегі, қайықтағы «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымын тамашалады, түрлі-түсті субұрқақ қараңғыда халыққа естен кетпес керемет әсер қалдырды. Үшінші күннің таңы қасиетті Қазығұрттың баурайында орналасқан Адам Ата -Хауа Ана жартасы болды.
Шырақшы тас бейнесіндегі Нұх пайғамбардың кемесін, Адам ата-Хауа ана жартасының қасиеттері мен киесі туралы біраз қызықты деректермен таныстырды. Білім қызметкерлері рухани күш-қуат алып, ерекше әсер алды. Қарағанды облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім кәсіподағының ұжымына және ұжым басшысы Алмагүл Ракишеваға өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Осындай турлар басқа да тарихи, рухани мекендер бойынша жалғасын таба берсе екен деген тілек білдірді.