БІЛІМ ШЫРАҚШЫСЫ
Ұстаз берген тәрбие мен білім әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару - екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Десе де, жүрек жылуы мен мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын оқушылар бойына сіңіріп жүрген ұстаздарымыз да баршылық. Солардың бірі - Жарманова Гүлсара Абдуллақызы.
Гүлсара Абдуллақызы - Алға ауданы, Бестамақ орта мектебінің тарих және қоғамдық білім, құқық негіздері пәнінің мұғалімі. Ол педагогика саласында 37 жыл үздіксіз еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиелеп келеді.
Гүлсара Жарманова 1963 жылы 20 қаңтарда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ақшатау елді мекенінде дүниеге келген. 1980 жылы Ойыл ауданы орталығындағы Н.К.Крупская атындағы Ойыл қазақ орта мектебін бітіріп, 1981-1986 жылдары Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде тарих, қоғамтану, құқық негіздері мамандығы бойынша жоғары білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1986-1987 жылдары Ойыл ауданындағы Н.К.Крупская атындағы мектепте тарих пәні мұғалімі болып бастаған. 1987-1996 жылдары аралығында Ойыл ауданы, Қаракемер елді мекеніндегі мектепте тарих пәні мұғалімі болып еңбек еткен. 1996 жылы Ақтөбе облысы, Алға ауданы Бестамақ ауылына қоныс аударып, содан бері аталған мектепте ұстаздық қызмет атқарып келеді.
2006-2018 жылдарда Бестамақ орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Өзінің педагогикалық еңбек жолында мектептің қоғамдық өмірінен тыс қалмай жас ұрпақ тәрбиелеп, педагогикалық ұжымды қалыптастырып, мектептің білім беру үрдесіндегі қызметіне өз үлесін қосып келеді.
Жас ұрпаққа тарихи білім берумен қатар, шәкірттерін ізденімпаздыққа, ғылыми танымдыққа баулуды жетекші орынға қоятын Гулсара Абдуллақызының оқушылары бірнеше мәрте облыстық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы болды. Тарихи таным, өлкетану секциялары бойынша шәкірттері облыстық пәндік олимпиададан, республикалық ғылыми жобалар байқауынан бірнеше жыл қатарынан оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
Ұзақ жылдардағы педагогикалық еңбегімен құрметке бөленіп, шәкірттерін мақтан тұтатын Гулсара Абдуллақызының еңбегі бағаланып, іс-тәжірибесі таратылып келеді. Есімі Қазақстан Республикасының үздік білім беру қызметкерлері жинағына енгізілген. Ақтөбе облыстық «Үздік мұғалімі» грантының иегері. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық білім басқармалары тарапынан марапатталған. 2020 жылы білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі, жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін Ақтөбе облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, 2021 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Шәкірт болашағының бұлыңғыр болмауын қатаң қадағалайтын Гүлсара Абдуллақызы ұжым арасында өте сыйлы да абыройлы. Және де ерекше ілтипатты мінезімен де көпшілікке үлгі. Осындай ерекше қасиетінің арқасында ұстаз шәкірт жүрегіне жол тауып, болашақ ұрпақты тәрбиелейді. Өн бойындағы ізгілік, мейірімділік, сүйіспеншілік мінездері баланы Отанды, елді, жерді, бауырларды сүюге баулиды. Ұстаз бойында кездесетін қамқорлық пен жанашырлық әр баланың жүрегіне қайырымдылықтың дәнін себеді. Демек, сол адамды тәрбиелеп, жетілдіретін ұстаздың да дәрежесі әрқашан биікте. Сондай биік дәреже деңгейінен түспей, шәкірт тәрбиелеумен қатар ұлттың ұлағатты ұрпағын өсіруде үлкен үлес қосқан жандардың бірі – Жарманова Гүлсара.
-
Фото
-