ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде профессор Константин Цхайдың 80 жылдық мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, білім беру ұйымдарының өкілдері, оның ішінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамы, жас ғалымдар қатысты.
Ералы Тоғжанов мерейтой иесіне жоғары білім мен ғылымды дамытуға, өңірдегі қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
«Өміріңіздің 50 жылдан астам уақытын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне арнадыңыз, түрлі жауапты лауазымдарды атқардыңыз, қойылған міндеттерді абыроймен және асқан кәсібилікпен орындадыңыз. Өңіріміздің және тұтастай алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында табысты еңбек етіп жүрген мыңдаған түлектің ризашылығы – Сіздің көпжылдық педагогикалық қызметіңіздің нәтижесі деп білемін.
17 жыл бойы Қазақстан корейлері қауымдастығының Ақтөбе филиалын басқарып, азаматтық қоғамның дамуына баға жетпес үлес қостыңыз. Алдағы уақытта да облыс дамуына өз септігіңізді тигізетініңізге сенімдімін», - деген облыс әкімі Константин Цхайға алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Университет ректоры, Ғылыми кеңес төрағасы Лаура Қарабасова мерейтой иесіне Ақтөбе өңірлік университетінің «Құрметті профессоры» куәлігін табыстады.
Мерейтой иесін салалық білім кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова құттықтап, емдеу-сауықтыру орталығына жолдама табыс етті.
Өз кезегінде Константин Цхай өзінің жетістіктері мен білімін жас педагогтермен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
-
Фото
-