ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ
«Ұстазды алтын діңгекке балар едім» — деп, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Ол адалдық пен шыдамдылықты, тынымсыз ізденіс пен ептілікті талап етеді. Сонда ғана ұстаз деген абыройлы атты иеленуге болады.
Еліміздің әрбір түкпірінде ұстаздықты ұлы бақыт деп білер мұғалімдер қызмет етуде. Соның бірі қаламыздағы «№20 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ардагер ұстаз – Мәнет Шопанқызы.
Ардагер ұстаз 1958 жылы 20 қарашада дүниеге келген. Орта мектепті Маңғыстау ауданы Шетпе кентіндегі №1 мектепте тәмамдаған. 1987 жылы Орал қаласындағы Педагогикалық институтты бітіріп, еңбек жолын Шетпедегі №1 орта мектебінен бастаған. 1998 оқу жылынан бері қарашаңырақ «№20 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте» қызмет етіп келеді.
Еңбек өтілінің 36 жылында өз мамандығы арқылы өскелең ұрпақтың санасында ұлттық әдебиет пен мәдениеттің қалыптасуына, өзінің әдістемелік жолы мен қолтаңбасын көрсетуде ұлтжанды жүрегі мен ерен еңбегі зор ықпал етті.
Білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуымен қатар, бірнеше жыл мектеп директорының әдіскері қызметін атқарды. Сол жылдар Мәнет Шопанқызы үшін нағыз шындалу кезеңі болды.
Қала, облыс, республикалық көлемде түрлі әдістемелік еңбектер мен журналдарға семинар, конференциялардың баяндамалары жарияланды. Оның руханият жанашыры ретінде ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман атануы – Тәңірінің маңдайына жазған ең үлкен сыйы. Әсіресе, балаларды сөз құдіреті арқылы тәрбиелеп, мәнерлеп оқуға, көркем сөйлеуге талпындыру – ұстаз алдындағы ұлы мұрат.
Мұратына қағаз бен қалам арқылы емес, тәрбиелеген шәкірттерінің жеңістері мен жетістіктері арқылы жеткен ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз.
Бүгінде ардагер ұстаз өз қызметін атқара жүріп, мектептің барлық іс-шараларына белсене араласуда. Басқа игі істерін айтпағанда, осы оқу жылында мектебімізде музей кабинетінің ашылуына зор еңбегін сіңірді.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке арналған заманауи мұражай жұмысына барлық алтын уақытын сарп етіп, ынта-шынтасымен ізгі іс жасады. Қазіргі таңда білім ордамыздың төріндегі – тарих айнасына жетекшілік етеді.
Мектеп мұражайына саяхат жасаушы әр адамға тарихтан сыр шертіп, адамзат мәдениетінің асқар шыңы атанған жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы құнды мәліметтерді айтып насихаттаудан еш жалықпайды.
Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкіртінің бойына тәлімді тәрбие, сапалы білімді сіңіре білген Мәнет Шопанқызының мерейі қашанда биік.
Ұжым арасында да жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, парасат-пайымы үлгі-өнеге. Осы абыройлы тұлғаңызбен заман талабына сай жаңарып, қызметтің сан сатысынан өтіп, әріптестеріңіздің ыстық ықыласы мен алғысына бөленіп жүре беруіңізге шын тілектеспін. Деніңізге саулық, еңбегіңізге толағай табыстар тілейміз.
А.Бисенғалиева,
«№20 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі.