ҰЛЫ МҰҒАЛІМ ШАБЫТТАНДЫРАДЫ
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені ол мектептің жүрегі» деген екен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы «Қызылтөбе лицейі» КММ-нің физика пәні мұғалімі Альбетов Есіркенғалы Сағынбайұлы осындай биік талап тұрғысынан көрініп жүрген өнегелі ұстаз.
Білімі жоғары, санаты педагог-шебер. Е.А. Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетін 1996 жылы бітірген. Міне, содан 26 жылдан бері ұстаздың жүрегі мейірім мен шуаққа, махаббатқа толы әрбір күні, әрбір минуты бала жадына білім мен тәрбие, жақсылық пен жылу құюмен келеді. Өз бойындағы білімін үйретуден жалықпайтын еңбекқор ұстазды қашан көрсеңде шәкірттері қаумалап, қасында жүргені. Әр сабағын қызықты да тартымды деңгейде өткізіп, заман талабына сай бейімделген бағдарламаға сәйкес жаңа технологияларды пайдалану арқылы шәкірттердің білім мен шығармашылық қабілетін дамытуды мақсат еткен.
Дара жолды ұстаздың жетістіктерін саралап айтар болсақ, 2006 жылы Маңғыстау облысының Білім департаментінің «Құрмет грамотасы»,2009 жылы Қазақстан Республикасының кіші ғылым академиясының «Алғыс хаты», 2009 жылы жаратылыстану-математика пәндері мұғалімдерінің облыстық олимпиадасында физика пәнінен І орын, 2009 жылы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің «Алғыс хаты»,2010 жылы Мұнайлы ауданында «Жыл мұғалімі-2010» номинациясы, 2012 жылы Маңғыстау облысының «Жыл мұғалімі-2012» номинациясы,2012 жылы Маңғыстау облысы «Дарын» қосымшы білім орталығының «Алғысы», 2013 жылы «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен марапатталған, 2013-2014 оқу жылы аудандық «Ең үздік физик» номинациясы,2014 жылы Маңғыстау облысында «Үздік педагог-2014» конкурсында I орын, 2014-2015 оқу жылы аудандық «Ең үздік физик» номинациясы,2015-2016 оқу жылы аудандық «Ең үздік физик» номинациясы,2015 жылы «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Алғыс хаты», 2015 жылы Маңғыстау облысының Білім департаментінің «Құрмет грамотасы». Сонымен бірге 2016 жылы «Ерен еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталған.2017 жылы Нұр Отан облыстық филиалының «Алғысы»,2017 жылы «Мұнайлы ауданына 10 жыл» төсбелгі,2018 жылы Маңғыстау облысы әкімінің «Білім үздігі» грантының «Үздік жетістіктер шебері-2018» номинациясы, 2018 жылы «Дарын» Облыстық қосымша білім орталығы «Алғыс»,2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасы», 2019 жылы халықаралық математика, физика және информатика пәні мұғалімдерінің олимпиадасында 3-орын иегері.2019 жылы Алматы қаласы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының «EDU PRINT» баспасынан «Оқушыларға физика пәнін меңгертудің жан-жақты әдіс-тәсілдері» (әдістемелік көмекші құрал) атты кітабы шықты.
«Шығармашыл мұғалім – шығармашыл шәкірт дайындайды» деп кемеңгер Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Есіркенғалы да өскелең ұрпақ бойындағы жақсы қабілет, өнер мен табиғи талантты ашу жолында әрбір шәкіртін шығармашылыққа баулып отыруды әдетке айналдырған. «Ғылыми жұмыс-болашақ баспалдағы» деген қағиданы берік ұстанған ізденімпаз ұстаз оқушы бойындағы пәнге деген қызығушылығын зерттеп, ғылыми жұмыстарға, олимпиадаларға баулып, тарта біледі. Әрине, ерінбей, жалықпай еңбек еткен ұстаздың әрдайым жақсы нәтижеге жетері сөзсіз. Мұндай алынған асулар жоғары санатты ұстаз басшылығымен әртүрлі деңгейдегі сайыстарда, ғылыми конференцияларда топ жарған шәкірттерімен дәлелденіп келеді.
Жоғарыда айтып өткенімдей «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері Е.Альбетов қазақтың тұңғыш ағартушы ұстазы- Ыбырай Алтынсариннің жүзеге асыруға тырысқан мақсатын және ағартушының бізге қалдырып кеткен еңбектерін қадірлеп, ол еңбектердің мәңгі өмір сүруін қамтамасыз етуге аянбай еңбек етуде.
Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығаны арналған «Шамшырақ» онлайн педагогикалық алаңының жұмысы аясында ұлағатты ұстаз «Физика пәнін табысты оқыту мен оқу жолдары» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік сыныбында физика пәніне деген балалардың қызығушылығын қалай ояту керектігін және қалай терең түсінуге жетелеу керектігін, жетістікке жетудің қыр-сырын айтып өзгеден ерек өз әдісімен, тәжірибесімен бөлісті. Есіркенғалы Сағынбайұлының жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі негізінде бірінші пәннің сапасы артады, екіншіден олимпиада жүлдергерлерінің саны артады, үшіншіден оқушылардың өздерінің көздеген мамандығының иесі болуы үшін тапсыратын Ұлттық Бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинайды. Бұл аталған тәжірибе әріптестерге үлкен көмек болса, ал оқушылардың физика пәніне деген құштарлығыңды оятар өзіндік ұстанар ережесі тіптен ерек. Соның бірі оқушыларға жетістік және табыс сезімін сыйлау. Ешкім шығара алмаған қиын есептің шешімін тапқан оқушы табыс дәмін сезетін болады. Ол үшін Есіркеніалы бірнеше жылдар бойы «Қызыл кітап» деп аталатын дәптер жүргізіп келеді. Қиын есепті шығарған оқушы өзінің қол таңбасын мен есептің шешімін және өзінің атын, күнін сол қызыл дәптерге жазып қалдырады. Бұл керемет сезім. Оқушылар өз қол таңбасын бірнеше жылдық тарихы бар қызыл кітапқа түсіруге қатты ынтығады.
Бір сәт менде сол бақытты оқушылардың қатарында болып Есіркенғалы Сағынбайұлының шәкірті болғым келеді. Бұл ұстаз еңбегінің тағы бір қырын тереңнен ашып көрсететін ұзақ әңгіме. Мен еңбекқор ұстазды бір қырынан көрсетуді ғана мақсат еттім, әйтсе де, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мен ауызға алынатын ұстаз абыройын көтеретін, осы үлкен жетістігін атап кетуді жөн көрдім Бұл үлкен абырой, ұстаз еңбегіне деген әділ баға. Жақсы, озық істің басы-қасынан табылатын жаны ізгі ұстаз өз ортасында беделді. Ал, жанұяда мейірімді әке, адал жар.
Иә, ұстаз еңбегінің өресі биік, өрісі кең. Шәкірттеріне білім беруден әсте жалықпайтын әріптес ұстазға алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілеймін.
Н.Нұрғалива,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «Қызылтөбе лицейінің» қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.