АРЫЗДАНЫП АҚШАСЫН АЛДЫ
Өткен жылдың 13 маусым күні Атырау облысы Білім беру басқармасы «Атырау қаласы білім бөлімінің Дамбы өнер мектебі» КМҚК-ның 43 педагогы облыстық салалық кәсіподақ ұйымына арызданып келді. Олардың басты талабы – бірнеше жылдан жыр болған сауықтыру жәрдемақыларының нақты оқу жүктемесіне сәйкес төленбей, оқу жылының алдында ғана бекітілген тарифпен берілгені.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі бұл мәселе төңірігінде облыстық мемлекеттік Еңбек инспекциясының көмегіне жүгінген еді.Ұстаздар арызына орай басқарма тарапынан арнайы тексерулер жүргізіліп, барлық талап-тілектер зерделенді. Өткен жылдың 30 қарашасында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында талқыланды.
«Атырау облысы мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-нің басшысы Игілік Әубәкіров «Міндетті әлеуметтік төлемдер, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеу және білім саласында ұстаздарға жәрдемақы төлеу мәселесі туралы» тақырыбында баяндама жасап, аталған ұйымға тексеру жүргізілгендігін атап өткен болатын. Тексеру нәтижесімен жұмыс берушіге анықталған заң бұзушылықтарды жою міндеттері қойылып, заңсыз әрекетке жол берген жауапты тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын мәлім етті.
Мәжілісте «Атырау облысы Білім беру басқармасына «Дамбы өнер мектебі» КМҚК-нің және басқа да оқу орындарында жұмыскерлерге берілетін нақты жұмыс жасаған жүктемелері тарификацияға сәйкес сауықтыруға арналған тиісті төлемдерді қайта есептеп, қажетті қосымша қаржы бөлініп берілуін қамтамасыз етсін» деген шешім қабылданды.
Аталған қаулының орындалысы туралы биылғы жылдың 25 қаңтарында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында қаралды. Осы отырыста «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы және облыстық Мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбуов «Дамбы өнер мектебі» ұстаздарының ұжымдық шағымы бойынша түсініктер берді.
Жуырда Атырау облысы мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы атына «Дамбы өнер мектебі» директорының міндетін атқарушы Ғалымжан Сұлтановтан мектеп қызметкерлерінің 2021–2022 оқу жылындағы сауықтыру қаржысы толықтай төленгендігін жеткізді. Яғни, осы мектептің 88 мұғаліміне бюджеттен барлығы 10 885 257 (он миллион сегіз жүз сексен бес мың екі жүз елу жеті) теңге төленіп отыр.Осылайша облыстық салалық кәсіподақтың көмегіне жүгінген педагогтардың талаптары орындалды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ