КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ АРАСЫНДА «ҚАДЫР ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қадыр Мырза Әлі атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығында «Қадыр оқулары» облыстық байқауы өткізілді.
Бұл шара алғаш рет, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының бастамасымен – Жерлес ақынымыз Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі шығармашылығын насихаттау, рухани құндылықтарымен бөлісу, шығармашыл педагогтерге қолдау білдіру және кәсіподақ жұмысын жетілдіріп, бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Оған қонақ ретінде арнайы шақырумен ардагер ұстаздар және Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар Орталығының төрайымы Айгүл Есекенова қатысты.
«Қадыр оқулары» облыстық байқауының Ережесіне сәйкес, аудандық және қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалдары мен облыстық білім беру мекемелерінде, жоғарғы оқу орындарында іріктеу кезеңінен өткен, ең үздік деп танылған 45 білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде, қазақтың жыр тарланы, Қадыр ақынның мол мұрасын мұғалімдер арасында дәріптеп, рухани құндылығын қолдап, байқаудың аудан, қала, облыс көлемінде кеңінен аталып өткізілуін қолға алған Білім саласының облыстық кәсіподақ төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Даупаев, күн райының қолайсыздығына қарамастан алыс аудандардан келген қатысушыларға өз ризашылығын білдіріп, есімдері республика және облысымызға танымал қазылар алқасымен таныстырды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Халықаралық «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, әнші – композитор Донеділ Қажымов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Жаскелең Ғайсағалиев, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы – термешілер Одағының мүшесі, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев және Қадыр Мырза Әлі атындағы мәденет және өнер орталығы директорының орынбасары, ақын Талғат Мықи және т.б.
Кәсіподақ мүшелері арасындағы облыстық «Қадыр оқулары» байқауының кезеңдері 3 бөлімнен, Қадыр Мырза Әлі атындағы БҚО мәдениет және өнер орталығының акт залында, кітапханада және конференц залында өткізілді.
Қазылар алқасының әділ шешімімен, өз өнерлерімен сайысқа түскендердің ішінен дараланып, әр бөлімнен ең үздік деп танылған «БАС ЖҮЛДЕ» иегерлері де анықталды.
Олар:
➢ І Бөлім – «Сөзім барда – өзім бар...» (Қадыр Мырза Әлінің өлеңін жатқа оқу) кезеңінен – Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының № 6 мектеп – лицейі қосымша білім беру педагогі Айнұр Игібаева;
➢ ІІ Бөлім – «Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы...» (Қадыр мырза Әлі сөздеріне жазылған әндерді орындау) кезеңінен – Қаратөбе ауданы, Қаратөбе мектеп – гимназиясының география пәнінің мұғалімі Жасұлан Рамазанов;
➢ ІІІ бөлім – «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» ( шығармашылық (ақындық) кезеңінен – Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының № 3 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамбек Садықов.
Облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев байқаудың салтанатты марапаттау рәсімінде «Бас жүлде» иегерлерін дипломдармен марапаттап, «Сарағаш» шипажайына жолдама табыстады. Ал, Ережеге сәйкес бекітілген екі – «І орын», үш – «ІІ орын», төрт – «ІІІ орын» иеленген байқау жеңімпаздарына қазылар алқасының мүшелері облыстық кәсіподақ атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар және естелік кітаптар ұсынды. Әсем ән мен биге ұласқан салтанатты жабылу сәтінен кейін кәсіподақ мүшелері естелік фото суреттерге түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Облыс көлемінде атаулы шараның ұйымдастырылып өткізілуін қолдап, белсенділік танытқан Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық Мәдениет және өнер орталығының ұжымы мен басшысы, белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиоллаға зор алғысымызды білдіреміз.
БҚО кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-