ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ХV ЕСЕП БЕРУ - САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
26 сәуірде Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының кезекті ХV есеп беру-сайлау Конференциясы өтті.
Алқалы жиынға Қазақстандық оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек, Кәсіподақтың Қызылорда және Түркістан облыстық ұйымының төрағалары, білім беруді басқару және бақылау жөніндегі жергілікті мемлекеттік орган басшылары, аймақтағы жоғары оқу орындарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты. Конференция жұмысында соңғы бес жылда облыстық салалық ұйымның есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.
Облыстық ұйымның 2019-2023 жылдардағы өз мүшелерінің еңбек, әділетті де лайықты жалақы, қауіпсіз әрі оңтайлы еңбек жағдайын жасау, әлеуметтік қамсыздандыру, сапалы білім алу мен денсаулық сақтау секілді әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға негізделген жұмыс көрсеткіштерінен құралған есепті баяндамасын Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жасады.
Негізгі баяндаманы талқылау әрі кәсіподақ мүшелері мен бастауыш ұйымдардан түскен ұсыныстарды жеткізу үшін жарыссөзге Тараз қаласындағы №7 бөбекжай бақшаның меңгерушісі Гульмира Айткулова, Т.Рысқұлов ауданы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Дулат Құдыс, Мойынқұм ауданы №1 орта мектебінің директоры Нүркен Пернебаев, «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі, БКҰ көшбасшысы Айжан Аманбаева және сала ардагері Айман Садыкова шықты.
Облыстық комитеттің есепті баяндамасын тыңдап әрі талқылай келе 803 бастауыш ұйымға біріккен 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшелерінің атынан сайланған 135 делегат Жергілікті кәсіподақтың 2019-2023 жылдар аралығындағы жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Олай деуге негіз де жоқ емес.
Есепті жылдар ішінде облыстық ұйымның кезектен тыс 1 Конференциясы, Комитеттің 5 Пленумы, Атқарушы органның 38 мәжілісі, бірнеше жұмысшы кездесулер, актив жиналыстары мен «дөңгелек үстел» отырыстары өтіп, онда ынталандыру, мүшелік базаны арттыру, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақ ұйымдарының құқық қорғау қызметінің тиімділігін көтеру, оқытуды жетілдіру сынды сұрақтар қаралып, талқыланған.
2018-2020 жылдарға және 2021-2023 жылдарға - 2 мерзімге Келісім мен Ұжымдық шарттар қабылданған. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық екіжақты комиссияның 24 отырысында 39 сұрақ, ал жеке еңбек дауларын қарау бойынша құрылған Келісу комиссиясының 9 отырысында 14 сұрақ қаралған.
Құқықтық қызмет бойынша есепті мерзім ішінде тек кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауында 13 683 сала өкілі болып, 38 908 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен білім мекемелерінде 1730 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 5492 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 2637 арыз-өтініш түсіп, 2714 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 35 862 құрайды.
Осы мерзімде кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 64 материал дайындалып, 69 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік камтамасыз етілген. Белсенді құқықтық іс-әрекет нәтижесінде аталған кезеңде 72 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылып, заңсыз жұмыстан босауына тосқауыл қойылған. Кәсіподақтың құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2019-2022 ж.ж. есепті кезеңде 1 млрд. 401 млн. тг аса соманы қайтаруға қол жеткізілген.
Пандемия кезінде облыстық кәсіподақ ұйымы 80 млн.тг. кәсіподақтық қаражат жұмсап, 457 бірлік ноутбукты білім мекемелерінің игілігіне берген. Мүшелік ұйымдардағы әлеуметтік әлжуаз топтарды азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, кварцтық лампалар алу, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бір реттік материалдық көмек беруге жұмсалған кәсіподақ қаржысы 72 млн. теңгені құрайды.
Есепті мерзімде 17 121 сала қызметкері мен 968 баланың демалысын ұйымдастыруға Кәсіподақ бюджетінен 511,2 млн теңге қаражат жұмсалды.
Басты әлеуметтік әріптес - Білім басқармасымен бірге жаңа оқу жылының басталуы мен Ұстаздар күні кәсіби мерекесінде үздік педагогикалық ұжымдар мен бірқатар озық ойлы озат ұстаздарды ынталандыруға 8.5 млн.тг кәсіподақ қаржысы берілген.
Күн тәртібіне сай жиын барысында облыстық ұйымның Бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бекітілді. Конференцияда делегаттардың бірауызды шешімімен Ерұлан Мағзымбеков Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының алдағы бесжылдық өкілетті мерзіміне төраға болып сайланды.
Алқалы жиын барысында бірқатар сала қызметкерлері мен кәсіподақ белсенділері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» беглісімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР КФ «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалімен, Федерацияның Құрмет грамотасымен, Салалық кәсіподақтың «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-