КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің жоспарына сай аудандағы мектеп, балабақша және мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйым төрағаларының қатысуымен кәсіподақ көшбасшыларын оқытудың облыстық семинары өтті. Оған «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, заңгер Юлия Айбосынова, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Зәуре Бекмұхамбетова арнайы келіп қатысты.
Семинар басталмас бұрын «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «Жасұлан» бала бақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Зоя Сапарова мен 9 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сандуғаш Умашева марапатталса, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен «Нұр-Шуақ» бала бақшасының меңгерушісі Бағытжамал Жұмабева, «Жасұлан» балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Нұржамал Меңдіғалиева, Жаңашаруа орта мектебінің директоры Абат Рашқалиев мадақталды.
Содан соң аталмыш бірлестік төрағасы Қылышбай Сүндетұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарын баяндады.
– Биылғы жылдың 16 ақпанында Астана қаласында еліміздегі кәсіподақ көбасшылары Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, біраз ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, еңбек ақылары дұрыс төленбеген педагогтардың мәселесі шешімін тапты. Бес есеге коммуналдық жеңілдік көтерілді,- деді ол.
Облыстық ұйымның заңгері Юлия Айбосынова «Келісу комиссияларының қызметін ұйымдастыру туралы» тақырыбындағы баяндамасына сүйенсек, 2023 жылғы 15 ақпандағы ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен Еңбек Кодексіне, соның ішінде 159-160 баптарына, яғни Келісу комиссиясының жұмысы туралы нормаларына өзгерістер енгізілген. Сол сияқты, салалық ұйымның бас маманы Зауреш Бекмұхамбетова «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында есеп берулер мен сайлауларды өткізу» тақырыбында баяндама жасады.
Сөйтіп, бастауыш ұйым төрағалары тарапынан көтерілген мәселелер мен сауалдарға аталмыш мамандар нақты жауаптарын берді.
-
Фото
-