КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Атырау облымы, Махамбет ауданындағы О.Шонаев атындағы орта мектеп мәжіліс залында аудан мектептері мен балабақшалары бастауыш кәсіподақ төрағаларының басын қосқан кәсіподақ «Келісу комиссия жұмысын ұйымдастыру», «Есеп беру мен сайлауларды өткізу туралы нұсқаулықтар» тақырыптары бойынша семинары өтті. Оны «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Махамбет аудандық комитеті» Филиалының төрағасы Торғын Бергарина ашты.
Сөз кезегін алған облыстық салалық ұйымның төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қоғамдық бірлестіктің қол жеткен жетістіктерін саралап берді. Бір топ кәсіподақ белсенділерін, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларын төсбелгімен, кәсіподақ Құрмет грамотасымен марапаттады. Атап айтсақ, олар: «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне Қызылүй орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Шынар Хамитқызы ие болды. Сонымен қатар «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағы ҚБ «Құрмет» грамотасымен білім бөлімінің әдіскері Насиха Ермекбаева, Ақтоғай орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Рая Ергазиева, Еңбекшіл негізгі мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Лайла Есенғазы, «Жас дәурен» бөбекжай-бақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Күләш Есказиева марапатталды.
Төраға Қылышбай Сүндетұлы ұстаздардың сауықтыру мәселесін, көптен бері шешілмеген мәселелерді Оқу министрлігіне жеткізгенін, Дамбы саз мектебіндегі 88 педагогтың сауықтыру қаражаты 13 сәуірде шешімін тауып, ұстаздар алмаған 10 млн теңгенің үстіндегі қаражатын алып қуанғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ұстаздарға қысқы отынға (көмірге) 5000 теңге төленіп келгенін, осы мәселе кәсіподақта қозғалып, бұл қаражат 5 есе көтеріліп, 18 мың теңгедей болғанын, колледж көркемөнерпаздары арасында фестиваль өтіп, Сарайшықтағы Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің екі ұстазы жүлделі орынға қол жеткізгенін, білім саласының ардагері, КСРО Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиевқа арналған конференция ұйымдастырылғанын, енді үш жыл сайын «Қ.Айтқалиев оқулары» өтетінін қаперге берді. Ол техникалық инспекторлар оқуын ұйымдастыру қолға алынып, қалада республикалық семинар өткенін, соңғы кездері ұстаздардың шипажай-санаторийлерде демалуы үшін демалыс орындарымен алдын ала келісімшарт жасайтындарын, мәселені алдын ала ойластырып, әр қалаға пойызға билет алу жайы да қарастырылатынын еске салды.
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі заңгері Юлия Амангелдіқызы Айбусынова «Келісу комиссиясы жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында баяндамасын жасады. Ол еңбек кодексіне өзгерістер енгенін, келісу комиссиясы еңбек кодексінің 1, 159, 160 баптары «еңбек дауларын» қарайтынын, оның туындау себебіне бұйрықты орындамау, ішкі тәртіп ережелерін, еңбек шартын орындамау, еңбекақыны төлемеу кіретінін айтты. Кәсіподақ бәрін орындап, қызметкерлерді қорғауға міндетті екенін, жұмыс беруші де кәсіподақ мүшесі екенін, алайда жұмыс беруші талаптары заңды ма, әлде заңсыз ба, оны анықтау керектігін қаперледі. Жұмыскерді зейнеткерлікке шығару да жұмыс беруші еркі екенін, дегенмен, қай заңнамаға сүйенетінін, шешімі заңды екенін ұмытпауды еске салды. «Келісу комиссиясы барлық мекемелерде құрылуын, тек шағын кәсіпкерлік субъектіден басқаларда (қызметкерлері 15-тен аспайтын) міндетті түрде. Реттелмесе сотқа арыз беруді, еңбек дауы жеке, ұжымдық болып бөлінетінін, жеке еңбек дауы келісу комиссиясына, ең соңында сотқа жүгінетінін, ал ұжымдық жұмыс беруші, татуласу комиссиясы, еңбек төрелігіне жүгіне алатынын қаперге берді. Жоғары сотта 6.10.2017 жылы шыққан №9 нормативтік қаулы барын, еңбек заңын келісу комиссиясы сотқа дейін реттеудің міндетті сатысы екенін, комиссиямен қатар бірден үш жерге арыз жібере алатынын, келісу комиссиясына, прокуратураға, еңбек инспекциясына арыз беруге мүмкіндігі барын тілге тиек етті. Көп мекемелерде бұйрықтар дұрыс жазылмайды, заңды тұлға келісу комиссиясын құра алады. Мекемелер филиалдарында комиссия құруға мүмкіндік бар. Келісу комиссиясы туралы құқықтық акт, келісім-ұжымдық шарт. Келісу комиссиясының құрамы, мүшелері, төраға, хатшы сайлау тәртібі, өтініш беру тәртібі барын ұмытпайық» деді. Жұмыс тәртібі, регламенті, шешім қабылдау тәртібі, мүшелердің өкілеттік мерзімі туралы да айтылды. Арызды қабылдау, тіркеу, шешімді 15 күн ішінде шығаруға міндетті. Тараптарға 3 күн ішінде шешімін беру, кіріс-шығыс құжаттары болуы керек. «Сондай-ақ өтелмеген, орындалмаған даулар да шешіледі. Кейде даулар медиациямен шешіліп жататыны бар. Комиссияға жүгіну –жұмысқа қайта алу туралы дау, жұмыс беру еңбек шартын тоқтату туралы 1 ай орындалған күннен бастап. Басқа да еңбек даулары бойынша-қызметкердің өз құқы бұзылуы туралы білгеннен бастап 1 жылға дейін жүгіне алады. Арызданушы өзі қатыса ма? Егер ол арызын келісу комиссиясына жазса, өкілін жіберген жағдайда отырысқа ватсаппен, зуммен, бейнеконференц арқылы қосыла алады. Еңбекақы өндіру, тәртіптік жаза қолдану - 1 жыл. Сотқа жүгіну - жұмысқа қайта алу туралы дау комиссия шешімін алған күннен бастап 2 ай ішінде. Ақша өндіру, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру, медиация, дәлелді себептер бойынша (аурушаңдық анықтама, билет құжаттары) 1 жыл ішінде сотқа жүгіне алады. Сот міндетті түрде келісу комиссиясы қаулысын сұратады. Келісу комиссиясының мәні зор. Әр мектептен құрылғаны жөн. Алты ай өтіп кеткен, тәртіптік жазаға тартқанға сот жеке ұйғарым шығарады. Тек растайтын құжат болғаны дұрыс. Оны сіз ватсаппен дәлелдей алмайсыз. Поштамен жіберген тиімді, құжат ол адамның қолына табысталады, –деді заңгер Юлия Амангелдіқызы.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру бөлімі бас маманы Зауре Бекмұхамбетова «Есеп беру мен сайлауларды өткізу туралы нұсқаулықтар» тақырыбында баяндама жасады. Сала мамандары залдан қойылған сауалдарға жауап берді.
-
Фото
-