ӨЗ ҒҰМЫРЫН ӨЗІ ЖАЗҒАН
Кенеттен келген ажалдың нағыз кемеліне келген шағында арамыздан әріптесіміз әрі досымыз Ізтұрған Баймұхановты алып кеткеніне де бір жылдың жүзі болыпты-ау?! Зымырап бара жатқан уақыт бәрін де бауырына басып жатыр. «Өмір – шолақ, жан – қонақ» деген осы.
Ізтұрған Ұзақбайұлымен алғашқы таныстығым өткен ғасырдың сексенінші жылдарында басталған-ды. Мен ол кезде Махамбет аудандық комсомол комитетінің хатшысы едім де, ал Ізекең облыстық ұйымның бұқаралық спортты дамыту және әскери-қорғаныс бөлімінің басшысы болатын. Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жолындағы игі шаралардың, атап айтқанда «Былғары доп», «Алтын шайба» және «Зарница» ойындарының басы-қасында жүретін. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, не нәрсенің болса да ешкімге күш салдырмай-ақ көзін табатын. Республикалық, одақтық жарыстарға жеңімпаз жас ұландарды өзі жаттықтыратын. Жастық жалыны жалындаған шақта ол ерінбейтін, жалықпайтын.
Кейін өмір ағысы бізді облыстың кәсіподақ бірлестігінде үзеңгілес әріптес болуға тоғыстырды. Жұмысымызды ешқашан бөле жармай-ақ бірге атқарыстық. Жаны таза адамның жанында жүрсең, өзің де тазаланып қалады екенсің. Әріптес болған төрт жылда талай рет іссапарларда бірге жүрген кезде осыны аңғардым. Қаншама ұжым мүшелерімен, қаншама кәсіподақ белсенділерімен жүздестік. Сөзіме куә, 2019 жылдың мамыры айы болатын. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың Атыраудағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі, әрі облыстық аумақтық Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы ретінде Ізтұрған Ұзақбайұлының жанында Жылыой, Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарында іссапарда бірге жүрдім. Кез келген ұжым мүшелерімен кездескен сәтте олардың тарапынан түскен сауалдарға орынды жауабы әзір тұратын. Кейде мен оның сөз тарқатар шешендігіне, кездесулерде мәжіліс тізгінін өз қолына ұстайтын көшбасшы болғандығына ерекше риза болатынмын. Тұлғасы ірі мығым жігіт ірі турайтын.
Есбол селолық округіндегі ауылішілік 21,5 шақырып қатқыл табанды жол салып жатқан жолшылармен кездесті. Олармен болған ашық әңгіме барысында сол жолдың сапасына, жұмыстың уақтылы жүргізілуіне, сондай-ақ, жұмысшылардың олардың тұрмыстық жағдайларына да көңіл бөлінді. Жұмысқа қолбайлау болған мәселені сол мезетте-ақ аудан басшысымен бір телефон қоңырауымен шешіп те тастады. Кездесуге олар дән-риза болысып, жұмыстарына тарқасты.
Ізтұрған Баймұханов төраға болған облыстық бірлестікте 12 салалық кәсіподақ ұйымы болса, олардың әрқайсының күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыратын. Олардың тарапынан болған көкейтесті мәселелерін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларында, үшжақты әлеуметтік әріптестік мәжілістерінде ашық айтты, шешімін табудың жолдарын нұсқады. Соның бір нақты мысалы, 2021 жылы Жылыой ауданында болған кездесуден кейін мұнайшылардың балалары оқитын Жаңа Қаратондағы № 22 орта мектеп педагогтарының еңбек ақыларының дұрыс төленуіне қол жеткізілді.
Пандемияның өршіп тұрған шағында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы төрағасымен қоян-қолтық бірге жүріп, қаншама кездесулер өткізді. Басын бәйгеге тігіп, өз денсаулығына қарамастан еңбек ақыларын даулаған қызметкерлердің мәселесін шешуге араласты, тажалға тап болғандарды қолайлы орындарға орналастыруға жанын сала кірісті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы жариялаған «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйымы?» атты республикалық акцияны жүзеге асыру жолында бастауыш ұйымдар төрағаларымен кездесті, олардың тарапынан болған проблемаларды анықтады, озық тәжірибелерді ортаға салды. Осы саланың ардагерлерін де ешуақытта ұмытпайтын.
Ел алдындағы елеулі еңбегі жоғары ұйымдар тарапынан еленіп, сол жылы мемлекеттік марапат – «Парасат» орденіне ие болды.
Еске түссе, ол туралы айтыла берер әңгіме көп. Тек, оның өмірден ерте кеткені әріптестерін, достарын қатты қайғыртты. Бұл өмірдегі ең ауыр нәрсе – дүниеден өткен жандар туралы естелік жазу екен. Жүректегі жараның аузын тырнап, қанатқанмен бірдей. Осы тұста, Ұлы Британия Прьемер-министрі Унистон Черчильдің мына бір сөзі еске оралады: «Тарих біз туралы жақсы айтатын болады, себебі оны өзіміз жазамыз».
Барлық саналы ғұмырын еліне, туған жерінің дамуына арнаған әріптесіміз, досымыз Ізтұрған Ұзақбайұлы Баймұханов – өз ғұмырын тарих бетіне өзі жазып кеткен жан.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы