«ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ӨМІРІ ӨЛЕҢ ҚҰТ МЕКЕН»
Осы тақырыппен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жылыой аудандық комитеті» Филиалы Ақкиізтоғай ауылындағы № 10 орта мектебінде тәрбиелік маңызы зор үлкен шара ұйымдастырды.
Семинарды кіріспе сөзімен ашқан филиал төрағасы Гүлайым Төребекова өткелі отырған жиынның жоспарымен таныстырып, қала, аудан және бірнеше облыстық деңгейдегі білім беру ұйымдары бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысып отырғандығын атап өтті.
Ақкиіз ауылы – ақын-жазушылар мен ғалымдардың құт мекені. Елімізге есімдері таныс Қабиболла Сыдиқов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Аманқос Ершуов, Қонаш Қалдоразов, Айтуар Өтегенов, Аман Жанкеев, Аманғали Сеңгірбаев, Өтеген Оралбаев, Бүркіт Базарбаев, Маржан Ерушовалар осы ауылдың түлектері.
Жиынға қатысушылардың назарына тарихи шежіреден сыр шерткен «Ақкиізтоғай – құт мекен» атты бейнебаян көрсетіліп, мектеп оқушылары туған жерлеріне жыр арнаған ақын ағаларының өлеңдерін оқыды, әсем күй шертті. Ұжымның бір топ ұстаздары ақын Өтеген Оралбаевтың сөзіне композитор Кеңес Жалғасов жазған «Ақкиізтоғай вальсі» атты әнді шабытпен орындап шықты.
Ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуовтың «Ақкиізтоғай жылнамасы» атты кітабының тұсауы кесіліп, шараның мазмұны ашыла түсті. Бұл рәсімді орындаған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының педагогтар мәртебесін көтерудегі рөліне тоқталды. Ұстаздың тынымсыз еңбегімен жарық көрген кітаптың оқырмандарының көп болатындығын, әсіресе өлке тарихын оқытуда таптырмас көмекші оқу құралы болатындығына сенім білдірді. Жылыой ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов, аудандық білім бөлімінің бас маманы Тұрсынай Лесова, ағайдың шәкірті, тарих ғылымдарының кандидаты Абат Өржанов, білім саласының ардагерлері Мубарақ Бектенбаев, Әмина Ахметовалар құттықтау сөз сөйледі. Келесі кезекте автор Наурызбай Төлеуов кітаптың жазылуы туралы, ізденіске толы жылдарын еске алып, жиынға келген барша қонақтарға ыстық ықыласын білдірді.
Шара барысында мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымына облыстық салалық ұйым атынан ноутбок сыйға тартылып, ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуовке құрмет көрсетілді. Жиын соңы Жылыой ауданы кәсіподақ ұйымы жанынан ұйымдастырылған хорымен «Кәсіподақ әнұраны» орындалуымен аяқталды.
Түстен кейін облыстан келген кәсіподақ ұйымының жетекшілері дала философтары Бекет ата, Құлшан ата дүниеге келген киелі Ақмешіт қорымына саяхат жасады.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ
-
Фото
-