ДИРЕКТОРЛАР АРАСЫНДАҒЫ ТАРТЫСТЫ ТУРНИР
Тараз қаласында мектеп директорлары арасында биылғы «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында волейболдан облыстық турнир өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған спорттық шараның басты мақсаты - саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау, білім беру ұйымдары мен мекемелерінің басшылары арасында дене тәрбиесі және спортпен шұғылдануды насихаттау болды. Ерлер арасында өткен облыстық турнирге Тараз қаласы мен 9 ауданнан жасақталған жалпы 10 команда қатысты.
Мемлекеттік Гимнмен басталған спорттық шараны облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мухит Нысанбаев пен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков құттықтау сөзбен ашып, командаларға сәттілік тіледі.
- Басты мақсатымыздың бірі – мектеп директорлары арасында саламатты өмір салтын ұстануды дәріптеп, олардың спорттық қырынан танылуына мүмкіндік беру. Себебі, мекеме басшысы тек білімімен, ағартушылық жетістіктерімен ғана емес, спортта да өз әріптестері мен оқушыларға, қоғамға үлгі болуы тиіс. Бүгінгі жарыс мектеп директорларына өздерін жаңа қырынан көрсетуге үлкен мүмкіндік. Барлықтарыңызға сәттілік пен жеңіс тілеймін!, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Мұнан соң жарыстың Бас төрешісі Жанболат Уразымбетов турнирдің ережесімен, тартылған жеребе бойынша үш топқа бөлінген командалардың ойыны өтетін алаңдарымен, төрешілермен таныстырып, сәттілік тіледі. Жеребе бойынша «А» тобына түскен Шу, Жуалы, Байзақ және Қордай ауданының командалары ашылу салтанаты өткен №47 орта мектепте, «В» тобына топтасқан Тараз қаласы мен Сарысу, Талас аудандарының командалары №61 орта мектепте, ал құрамында Меркі, Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарының командалары бар «С» тобы №41 көпсалалы гимназияның спорт залында топтық ойындарын өткізді. Алғашқы ойындардан-ақ директорлар бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін дәлелдеп, әдемі ойын өрнегін көрсетіп, финалдық дода тартысқа толы болатынын сездірді.
Дегендей, тартысты өткен топтық ойындардың нәтижесінде финалдық кезеңге «А» тобынан Байзақ, «В» тобынан Тараз қаласы, ал «С» тобынан Жамбыл ауданының командалары шығып, «дөңгелек жүйе» бойынша өзара ойындар өткізді. Алғашқы өткен Байзақ және Жамбыл командалары арасындағы ойын 2:0 (25:19, 25:13) есебімен аяқталса, Тараз қаласы мен Жамбыл командалары арасындағы ойын да 2:0 (25-19, 25-11) есебімен аяқталды. Ал шешуші Байзақ және Тараз қаласы командаларының арасындағы ойында байзақтық басшылардың спорттағы шеберлігі асып түсіп 2:0 (25-21, 25-19), жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Ойыннан кейін Байзақ ауданы №4 мектеп-лицейінің директоры Нұралы Сейдахметов: «Жеңімпаз атандық, қуанышымда шек жоқ. Бұл – ұйымшыл әрі мықты команданың жеңісі. Бірге ойнаған әріптестеріме, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мұндай турнирлер жиі өтіп тұрғаны дұрыс. Себебі, деннің саулығы бәрінен маңызды» деп ой бөліссе, Сарысу ауданы Техникалық шығармашылық орталығының директоры Мұхтар Мельдеев «Бүгінгі сайыс расында да өте керемет ұйымдастырылыпты. Өте тартысты өтті. Барлық командалар мықты дайындықпен келгені байқалды. Жалпы басшылардың спортпен айналысуы ұстаздарға, жас мекеме басшыларына үлкен мотивация болады. Сондықтан мұндай шаралар жиі ұйымдастырылса» деген ұсынысын айтты.
Сонымен, турнир нәтижесі бойынша жоғарыда айтқандай І орынды Байзақ ауданының, ІІ орынды Тараз қаласының, ІІІ орынды Жамбыл ауданы білім мекемелері мен ұйымдарының директорларынан жасақталған команда иеленді.
Жеңімпаздар дипломдармен, кубок, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жекелеген номинациялар бойынша Қордай ауданы Техникалық шығармашылық және кәсіби оқыту орталығының директоры Еркін Тулеуов «Ардагер спортшы», ал Жуалы ауданы Қ.Сағындықов атындағы №4 орта мектебінің директоры Нұрғазы Сапиев пен Шу ауданы Алға орта мектебінің директоры Ерғали Примбердиев «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-