ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім", – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері, кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Ойыл ауданы, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Отарова Амансұлу Мусақызы. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Амансұлу Мусақызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнады. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Амансұлу Мусақызының өмірі – болашақ ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Амансұлу Мусақызы 1957 жылы 28 сәуірде Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар жас жоғары оқу орнына түсіп, 1978 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетін аяқтады. Алғашқы еңбек жолын 1978 жылы Қараой орта мектебінен бастап, ұлағатты қызметін 1982 жылы Орыс орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі ретінде қызметін жалғастырды. "Жас келсе – іске" дегендей, аз ғана уақытта жас маман мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді.
Содан бері біраз уақыт өтті. Жүйткіген уақыт ешкімге жеткізер емес… Осы уақытта Амансұлу Мусақызы ұстаздық қызметте жүргеніне 44 жылдан асты. Әйтсе де бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Оның қайсар мінезі, қызметіне деген адалдығы жас мамандарға ғана емес, барша әріптестері үшін үлгі боларлық.
Қазақтың әйгілі жазушысы Ғ.Мүсірепов: "Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім" демекші, Амансұлу Мусақызы – балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез-келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаз бола білді. Мұның өзі тәжірибелі ұстаздың тағы бір қырын айқындай түскендей. "Бұлақ көрсең, көзін аш" демекші, қаншама баланың өмір айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем берді. Оқушыларын аудандық, облыстық, республикалық түрлі жарыстар мен сайыстарға жиі қатыстырады. Білім додасында бақ сынаған шәкірттері жүлделі орындармен оралып, апайының үмітін ақтай білді.
Сонымен қатар, А.Мұсақызы шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орната білді. Себебі кейбір шәкірттері білім саласында математика пәнінің мұғалім болып қызмет атқарып жүр. Оқушыларын ұстаздық әлеміне жетелеп, өз ізбасарлары етіп тәрбиелеп шыққаны «Шәкіртінің ұстазына қарап бой түзегені» деуге әбден лайық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған шәкірттері де өмірде бағындырған зор асуларына ұстазының сіңірген еңбегінің нәтижесі екенін жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
Ұстаздың білім беру саласындағы тынымсыз еңбегі еленіп, жемісті еңбегі мен жоғары жетістіктері үшін «Қазақстан Конституциясына 20 жыл»мерейтойлық медалімен,сондай-ақ ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», Ақтөбе облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасы», Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетовтың «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сонымен қатар білім беруде қосқан зор үлесі үшін Амансұлу Мұсақызының есімі «Білім берудегі үздіктер»халықаралық энциклопедиясына еңгізілді, «Ұлттық мақтаныш» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен және «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-