АҚТӨБЕДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы 2022-2023 оқу жылын қорытындылап, осы кезеңде кәсіподақ бастамаларына қолдау көрсетіп, ынтымақтаса жұмыс істеген әлеуметтік әріптестерді марапаттады.
2022-2023 оқу жылында аудандық білім бөлімдерімен бірлесе көптеген игі істер атқарылды. Ұстаздардың әлеуметтік мәселелері шешімін тауып, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Педагогтар әлеуметтік әріптестік туралы келісімде көзделген кепілдіктерге ие болды.
“Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда кәсіподақтарға жүктелер жауапкершілік жүгі жоғары. Кәсіподақтар күші еңбек құқығы мен қызметкерлердің кепілдігін қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтауға бағытталған. Бұл жұмыстар әлеуметтік әріптестеріміздің қолдауымен жүзеге асып отыр. 2021 жылдың наурыз айында Ақтөбе облысының білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қол қойылды. Нәтижесінде өңір педагогтарын толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. ”- деді салалық білім кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2022 жылдың «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялануына байланысты өңірде ілкімді жобалар қолға алынды. Әлеуметтік әріптестермен бірге білім беру мекемелеріне қоғамдық бақылау жүргізіліп, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы зерделенді. Білім бөлімінің басшылары, мектеп директорлары спорттық шараларға қатысып, белсенділіктерін танытты.
Айта кетейік, кәсіподаққа мүше кез-келген педагог әлеуметтік әріптестік туралы келісімде көрсетілген әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алады. Мысалы, білім мекемелерінің матариалдық базасының нығаюы, кадрлық құрамның сапасының артуы, еңбек заңдылықтарына сәйкес жұмыспен қамту, жұмыстан босату, жеңілдіктер, қосымша ақы беру сұрақтарында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Қабылданған ұжымдық шарттар мен екіжақты келісімдерде кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмектер мен шипажайларға жеңілдіктермен жолдамалар беру көзделген.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-