АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атқару комитетінің 2022-2023 оқу жылындағы соңғы отырысын өткізді. Алқалы жиынға салалық кәсіподақ төрайымы Р.Серікова, атқару комитетінің мүшелері мен аудандық кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше сұрақ талқыланды.
Алғашқы тақырып кәсіподақ жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жариялау, ақпараттық-насихаттау жұмыстарына арналды.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Әйтеке би және Мәртөк аудандары кәсіподақ төрағаларының баяндамаларында айтылды. Аталған аудандарда кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі жұмыстар, емдеу-сауықтыру шаралары, Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау, ұжымдық шарт, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету, білім беру мекемелеріндегі еңбек ұжымдарымен кездесу, мерекелерге арналған салтанатты жиындар, кәсіподақ белсенділерін оқыту, спорттық шаралар мен байқаулар, пікірсайыс, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары сияқты негізгі шаралар туралы мақалалар жергілікті басылымдарда, аудандық, облыстық білім кәсіподағының Instagram , Facebook әлеуметтік желілерінде жарияланып тұрады.
Дегенмен, бас маман А. Серімбетовтің мәліметінше, аудандық кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысы әлі де жетілдіруді талап етеді. Кәсіподақ көшбасшыларына әлеуметтік желідегі жұмыс парақшаларын белсенді жүргізу туралы ұсыныс берілді. Кәсіподақ жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамдық ұйымының оң имиджін қалыптастыруға назар аудару қажеттігі айтылды.
Одан соң аудандық кәсіподақ ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі заңнаманы қадағалауға, білім саласы қызметкерлері үшін заманауи қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасауға қатысуға қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Г.Құлекенова мен Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Әбеновтің баяндамасы тыңдалды.
Жиынға қатысушылар осы мәселеге қатысты кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиевтің баяндамасына ден қойды. Кәсіподақ заңгерінің айтуынша, 2022 жылы Шалқар ауданында кәсіподақ мүшелерінен 61 өтініш-арыз түскен, 2023 жылдың 5 айында 25 адам кәсіподақ көмегіне жүгінген. Ал Рғыз ауданында өткен жылы 25, биыл жыл басынан бері 21 кәсіподақ мүшесінен өтініш түскен. Осы ретте кәсіподақ көшбасшыларынаәлеуметтік әріптестік туралы келісімде көрсетілген міндеттемелердің орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Уақытылы қоғамдық бақылау жүргізіп, білім беру ұйымдарындағы ашықтықты қамтамасыз етулері ескертілді.
2022 жылы кәсіподақ мүшелерінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларында құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс қорытындысы туралы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманН.Жетпісбай баяндады. Өткен жылы облыстық кәсіподақ ұйымымен білім беру мекемелерінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі таңда өңірдегі білім беру мекемелерінде барлығы 651 техникалық инспектор жұмыс істейді. Кәсіподақтың бастамасымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 173 техникалық инспектор білімін жетілдірген.Есепті кезеңде техникалық еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғау бойынша 121 тексеру жүргізген. Тексеру барысында 31 заңбұзушылық анықталған. Осы ретте еңбек жағдайын және қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған ұсыныстар берілді.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Салалық кәсіподақ төрағасы Р.Серікова аудандық кәсіподақ көшбасшыларына сын-ескертпесін айтып, бірқатар міндеттер жүктеді.
-
Фото
-