«АЛТЫН ТҰМАР-3» ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
«Алтын Тұмар» шығармашылық туындылар жинағы республика деңгейінде жарық көрді.Кітаптың үшінші басылымына еліміздің 7 облысынан 111 адамның жұмысы қабылданып, оның 69-ы жинаққа енген. Олардың қатарында кәсіпқой суретшілер, қолөнер шеберлері мен көркем еңбек пәнінің мұғалімдері бар.
«Алтын тұмар» жинағы көркем еңбек пәні мұғалімдерінің шығармашылық жұмыстарын жандандыру, мұғалім мәртебесін арттыру, үздік қолөнер тәжірибелерін тарату мақсатында жарыққа шықты. Кітапта бейнелеу өнеріндегі кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәулет, халықтық және қолданбалы өнер түрлерімен қатар, дәстүрлі емес және аралас материалдармен жасалған туындылар қамтылған. QR код арқылы жұмыстардың жасалу кезеңдері, технологиялық карталары, өзге де мәліметтермен танысуға болады.
Шығармашылық жинақтың алғы сөзінде
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева:
“Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шебер ұстаздардың ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға қосқан сүбелі үлесі қашанда қолдауға лайық. Ал, ұстаздардың үлгілі жұмыстарын жинақтап, шынайы талантты жандарды қалың жұртшылыққа таныту - құптарлық бастама. «Алтын тұмар» - он саусағынан өнер тамған ұстаздарымызды ұлықтайтын, олардың мәртебесін асқақтатып, қорғаны болар тұмарына айналсын”,- деген тілегін білдірді.
Шара қорытындысы бойынша “Алтын тұмар” шығармашылық жинағының үздік жұмыстарының авторлары, кәсіподақ мүшелері Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Өңір ұстаздарына Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Алғыс хаты табысталды. Барлық марапат иелеріне кәсіподақ есебінен шипажайға жолдама тарту етілді. Естеріңізде болса, бұған дейін де салалық білім кәсіподағы жас ұрпақты өнерге баулып, халқымыздың ұлттық мұрасын дәріптеп жүрген ұстаздарымызға қолдау көрсеткен болатын.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-