«ҚАМБАШ» ЖАЗҒЫ ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
Қызылорда облысындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығындағы балаларға арналған жазғы тынығу лагерінің ашылуы өтті.
Салтанатты шараға Қызылорда облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнар Есқалиева қатысып, оқушыларға демалысты қызықты өткізулеріне тілектестігін жеткізді. Өз сөзінде: «Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, асыға күткен жайдары жаз мезгілі де келіп жетті. Тынығу лагерінде жаңа достар тауып, ынтымақтың ұйытқысы бола біліңіздер. Дендерің сау, оқуда озат болыңыздыр!», - деп атап өтті.
Мерекелік шарада Арал ауданының басшысы Серік Сермағанбетов және аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова лагерь тынығушыларымен бірге кешкілік алау отын тұтандырды. Мерекенің соңы әсерлі от шашумен аяқталды.
Жалпы «Қамбаш» жазғы тынығу лагері биылғы жылы 7 ауысым бойынша 1000-нан астам баланы жазғы демалыспен қамтиды. Ал бүгінгі тынығу лагерінің алғашқы легінде 130 бала қабылданды.
Демалыс орнында балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес робототехника, ағылшын, орыс тілдерінің үйірмелері, спорттық-әскери клубтар, суда жүзу және ән, би, сурет үйірмелері жұмыс жүргізеді. Әрбір тынығушы өздерінің қалаған үйірмелеріне барып, өз уақыттарын тиімді, әрі қызықты өткізуіне жағдай жасалынған.
#СырЕліБілімКәсіподағы
-
Фото
-