КӘСІПОДАҚ ЗАҢГЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Кәсіподақтың құқықтық инспекциясы заңгерлеріне арналған оқу семинары өтті. Семинарда педагог қызметкерлер үшін маусымдық маңызды мәселелер - педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және босату жағдайлары, жаз айларында педагогтерді кезекті ақылы еңбек демалысына жіберудегі ерекшеліктер, сондай-ақ күн тәртібінен түспейтін күнделікті еңбек қатынастарына байланысты құқықтық мәселелер аясындағы сұрақтар талқыланды.
Алғашқы болып сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ҚР кәсіподақтар Федерациясы тарапынан «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгертулер мен толықтырулар жасауға бастама көтерілгенін айтып, құқықтық инспекцияға еңбекшілердің құқықтары мен мүддесін қорғайтын кәсіподақтардың құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері айқындала түсіп, еңбек қатынастарын толық реттеуге мүмкіндік беретін ұсыныстар әзірлеу қажеттігіне тоқталды.
Мұнан соң Жергілікті кәсіподақтың Төраға орынбасары - «Біріккен комитеті» филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығы тоғыз рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшырағанын айтып, бүгінгі күні қолданыстағы ҚР Оқу-ағарту министрінің 22.12.2022 №513 бұйрығымен рәсімделген Қағидалардың ерекше назар аударатын тұстарына тоқталды. Практикалық жұмыс жүзінде Қағидалардың 11 Қосымшасы мысал ретінде алынып, толық зерделеніп, заңгерлер ой-пікірлерін ортаға салып, талқылады. Талқылау барысында құқықтық инспекторлар «Бірінші басшылар мен педагогтерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату» Қағидаларымен қатар осы мәселеге қатысты ҚР Еңбек кодексі мен «ҚР Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген заң талаптарына тоқталды.
Семинар барысында Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекциясының басшысы Әлия Джолшибекова педагогтар мен өзге санаттағы педагог емес қызметкерлерді кезекті ақылы еңбек демалысына жіберуде биыл орын алған ерекшеліктерге тоқталып, мәселені жіті назарда ұстауды, кәсіподақтық есептіліктерді мерзімінде өткізуді тапсырды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы