ЖЕТІСУЛЫҚ ЖАСТАР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ШАРАСЫ АЛАКӨЛДЕ ӨТТІ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы және Алакөл аудандық филиалының жанынан құрылған жастар Кеңесі кезекті шарасын ұйымдастырды.
«Белсенді демалыс-денсаулық кепілі» атты жарыста аудандық, қалалық филиалдардан келген командалар ортаға шақырылып, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің ғимаратында өткен шарада облыстық ұйымның төрағасы М. Төлепбергенов шараны өз сөзімен ашып, жас мамандарға сәттілік тіледі. Ал, сала ардагері Д. Байдильдаев болса жастардың басын қосатын осындай шаралардың көп болуына тілектес екенін жеткізді.
Ұйымдастырушылар тарапынан 18-35 жас аралығындағы ұстаздарды қамтыған жарыстың ережесі таныстырылып, жеребе арқылы қатысушылар «Таныстыру», «Кім жылдам?», «Біз біргеміз», «Жағажай волейболы», «Жағажай бадминтоны» сынды кезеңдер бойынша бақ сынайтыны айтылды.
Алғашқы кезеңде аудандық, қалалық филиалдардан келген командалар өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетті. Бірі ән айтты, енді бірі туған жерін жырға қосты. Күмбірлетіп домбырасын, ертегілер елінің кейіпкерлерін сөйлетті.
Келесі кезең айдынды Алакөлдің жағасында жалғасын тапты. «Кім жылдам?» ойынында командалар көлден су тасып, жағада тұрған бөшкені алма-кезек кезектесіп толтырды. «Біз біргеміз» кезеңінде қатысушылардың мергендіктері мен тапқырлықтары сыналды. Әр қатысушыға жеке-жеке тапсырма берілді. Алакөл ауданына қатысты сұрақтарда қойылып, тұшымды жауап алынды.
Жарыстың екінші күні жағажай волейболында команданың екі мүшесі өнер көрсетсе, бір мүшесі жағажай бадминтоны бойынша бақ сынады. Екі күнге созылған шараның нәтижесі «Versal» демалыс орнында таныстырылды. Жоғарыда аталған «Таныстыру», «Кім жылдам?», «Біз біргеміз», «Жағажай волейболы», «Жағажай бадминтоны» кезеңдері бойынша номенациялар табыс етілді. Жарыстың ортақ ұпайы шығарылып, қазылар алқасының шешімімен І орынды Қаратал ауданы, ІІ орынды Сарқан ауданы, ІІІ орынды Ескелді ауданы иеленді. Жеңімпаздарға облыстық ұйымның тарапынан дипломдар, Алакөл аудандық филиалдың атынан қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Қалған қатысушыларға облыстық ұйымның алғыс хаты мен ынтыландыру сыйлығы табысталды. Жастар кеңесінің кезекті эстафетасы Қаратал ауданы қабылдады.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар,
ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің
«Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-