ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫ ХХІ КОНФЕРЕНЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ
«Оқу – ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ХХІ Конференциясын өткізді.
Оған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасы Айгүл Мұқашева, құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, Алматы және Жетісу облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, аудандық, қалалық филиалдардың және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Алқалы жиынды Оқу - ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, Конференцияның күн тәртібін делегаттарға таныстырды.
Конференция жұмысын жалғастыру үшін мандат, санақ, редакциялық комиссияларын және хатшылық құрамды облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан таныстырып, делегаттардың дауысы арқылы жұмысшы орган сайланды. Мандат комиссиясының төрағасы Асан Тұрсынғалиев делегаттардың сапалық құрамын хабарлап, ұлты, білімі, жеткен жетістіктері туралы толық ақпарат берді.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының есепті кезеңдегі жұмысы және алдағы мақсаты мен міндеті туралы» баяндама жасап, кәсіподақ мүшелерінің базасы, алқалы жиындары, әлеуметтік әріптестік, сауықтыру, материалдық көмек, құқықтық сауаттылық, мәдени-көпшілік шаралар, бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат жариялау және кәсіподақ жанынан құрылған Кеңестердің жұмысын көпшілікке ұсынды. Бес жылдың ішінде жасалған жұмыстардан бөлек, алдағы мақсаттары мен міндеттерін нақтылады. Жұмыс барысын жаңа бағытта өрбітуді ұсынды. Заман талабына сай жаңашылдыққа бағыттап, кәсіподақ белсенділерін жүйелі жұмыс істеуге шақырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ұйымның бақылау- тексеру комиссиясының төрағасы Асхат Исабаев кәсіподақ мүшелерінен түскен жарнаның есебі, мақсатты жұмсалуы және бастауыш кәсіподақ ұйымдарына тиесілі қаржыны қайтару, жоғары органға уақытылы жолдау мәселелері бойынша баяндама жасады. Қаржылық-шаруашылық жұмыстарға жүргізілген бақылаудың жиілігі, жоспардың орындалуына баса назар аударылғанын жеткізді.
Жарыссөзге Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков, Сарқан аудандық филиалдың маманы, сала ардагері Жанат Мұқашев, Талдықорған қаласының облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернаты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Татьяна Субботина, Еңбекшіқазақ аудандық филиалдың төрағасы Ибрагим Исмяков, Талдықорған қаласы, Мойнақ ауылындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар №23 орта мектептің мұғалімі, қалалық жастар Кеңесінің төрағасы Ерлан Шопатаев шығып, облыстық ұйымның жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы сөз алып, орталық аппараттың жұмысын таныстырып, облыстық ұйымның жұмысын жоғары бағалады. Есепті кезеңді аяқтаған Жетісулықтарға төраға сайлау қажет екенін айтып, Мэлс Төлепбергеновтың кандидатурасын ұсынды. Делегаттар бірауыздан қолдап, облыстық ұйымның төрағасы лауазымына Мэлс Құлмұханұлын сайланды.
Конференцияның аясында облыстық ұйымның Кеңес құрамы, бақылау-тексеру комиссиясы, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподақтың Съезіне делегаттар сайланды.
Сонымен қатар, облыстық кәсіподақ ұйымының №1 Кеңес отырысы өтіп, төраға орынбасары лауазымына Тұрысбеков Болат Кәметұлы сайланып, Атқару комитетінің мүшелері бекітілді.
«Оқу – ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі
-
Фото
-