ЕҢБЕК АДАМЫ
Қиындығы мен қызығы жетерлік, ең бастысы – жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Бұл мамандық иелерінің мойнына бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие дәнін егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Балалардың бойында адамгершілік қасиеттерді дамытуда мұғалімнің үлесі мен әсер-ықпалы ерекше орын алады.
Міне, сондай қиын да қызықты мамандықтың иесі болып жүрген, ұстаздық еңбек жолын сонау 1985 жылдан бастаған білімді, өз пәнін жетік меңгерген, басқару қабілеті жоғары, көшбасшы-ұстаз – Омарова Балзия Жанғожақызы. Осы уақытқа дейін Қандыағаш қалалық №5 жалпы білім беретін орта мектебінде ұстаздық етеді. Ол өзінің мамандығы бойынша ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп, теориялық және практикалық әдістеме жинақтап, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді.
Еңбегінің нәтижесі – ұстаз шәкірттерінің жетістігі. Балзия Омарованың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға, олимпиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Балзия Омарова – өз педагогикалық шеберлігін арттыруда көп жұмыстанып жүрген ұстаздардың бірі.
Омарова Балзия Жанғожақызы – 2022 жылы Lesson Study технологиясы бойынша "Сабақтағы іс-әрекетті зерттеу" тақырыбындағы олимпиадада жүлделі орынды және 2022 жылы Халықаралық тамыз кеңесінде өз шығармашылығын таныстырып Алғыс хаттарды иеленді. Сондай-ақ, ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің және Ақтөбе облысының білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Республикалық ағылшын тілінен олимпиадаға оқушыларды дайындап, белсенді қатыстырғаны үшін І дәрежелі дипломмен марапатталып және «XXI ғасыр ұстазы» атағын иеленді.
Сонымен қатар Балзия Омарованың көптеген шәкірттері республикалық, халықаралық интернет-байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындар иеленеді. «Жас полиглот» атты III Республикалық онлайн олимпиада 11 сынып оқушылары Махаббат Болатова мен Полина Овчинникова І орынды жеңіп алды. Ал аудандық ағылшын тілінен өткен олимпиадада Акмурзаева Мира және Валентина Круглякова сынды оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
Пәнге деген қызығушылықты, оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту үшін Омарова Балзия Жанғожақызы пән бойынша сыныптан тыс жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, сыныптан тыс іс-шаралар мен жарыстар өткізеді. Әр сабағы әдістемелік талаптарға сай өтеді. Жаңа ақпарат құралдарын көп қолданады.
Оқушыларды қазіргі заманғы талапқа сай білімге жетелейді. Үлкен педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз Балзия Омарова оқушыларға қоғамдық ортадан өздеріне қажетті дұрыс жан-жақты тәрбие беруіне аса көңіл аударады. Оның сынып оқушылары әр түрлі деңгейдегі шараларға, сайыстарға белсене қатысады. «Еңбексіз өмір-сөнген көмір» демекші, еңбек ету, соның ішінде шәкіртке білім беріп, тәрбиелеу – үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Аталған жетістіктер Балзия Омарованың еңбегінің кішкене бір бөлшегі. Ол мектептің, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысып, педагогикалық өмір жолында тапжылмай еңбек ететін, оқушылары, ата-аналар мен әріптестері арасында сый құрметке ие болған ұстаздардың бірі.