БАЙҒАНИНДІК ҰСТАЗДАР РУХАНИ ДЕМАЛЫСТА
«Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет» - деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаздардың жауапкершілігі мен ауыртпалығы аз емес...
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының ұстаздары үшін жазғы каникул рухани демалысқа айналды. Арнайы жолдамаға қол жеткізген ұстаздардың еңбегі де ерекше. Шипажайда демалып қайтқан ұстаздар қауымы үздік шәкірттерімен мақтанады. Ауылдың күйбең-тірлігінен алшақтап, бар назарын денсаулығын дұрыстауға аударған кәсіподақ мүшелері өздеріне көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасына, ұжымның ыстық ықыласына дән риза.
Жазғы демалыс кезінде Байғанин ауданының білім беру саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген 110-ға жуық кәсіподақ мүшесі «Айша бибі», «Шипагер», «Манкент» және «Мерке» шипажайларында тынығып, ем қабылдауда.
Кәсіподақ мүшелері шипажайда түрлі аурулардың алдын алу және емдеу үшін қолданылатын әдістер, атап айтсақ, сумен, балшықпен емдеу, ингаляциялар, құрғақ көмірқышқыл ванналар, емдік дене шынықтыру, «Цигун» гимнастикасы, мануалды терапия, массаж, ине-рефлекс терапиясын қабылдайды. Сондай-ақ қарағайлы орман ауасымен тыныстап, денсаулықтарын нығайтуда.
Айта кетейік, санаторий-курорттық кешеннің өзіндік диагностикалық базасы толық медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік береді, оның негізінде ем қабылдаушылар денсаулық жағдайы туралы қорытынды және жеке емдеу бағдарламасын алады.
Сондай-ақ жуырда оқу жылының қорытындысы бойынша үздік деп танылған аудан ұстаздары Ақтолағай үстірті және киелі Түркістан қаласына саяхатқа барған болатын. Онда олар тарихи-мәдени орындарды аралап, танымдарын кеңейтіп, рухани демалып қайтты.
Қорыта келгенде, кәсіподақ мүшелерін қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.