ЕҢБЕК АДАМЫ
Замана көшіп, уақыт өткен сайын құны мен маңызын жоймайтын мамандықтар болады. Солардың бірі «Ұстаз» мамандығы. Қатпар тарихымызда «Ұстаз болу – жүректің батылдығы» деген тәмсіл бар. Өмірде әр нәрсенің бастауы болатындай, қай саланың құзар шыңында «ұстаз» дейтін ұлы ұғым тұр. Біз кие тұтып, қызыққан салалардың бәрі де ұстаз алдынан өтеді. Қолды икемдетіп, хат жазуды бастап үйрететін де, саңқ етіп сөйлеу мен әуездетіп ән айтуды содан үйренеді екенбіз.
Бүгінде мақтаулы мамандық тізгінін ұстаған жандарға зор жауапкершілік жүктеледі. «Ұстаз» ұлы ұғымға лайық болып, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы маман дайындаудың тәсілдерін меңгеріп, сондай-ақ, кітаптағы білім мен өмір иірімдерін үйлестіріп жүрген ұстаздың бірі Алға ауданының Қайыңдысай негізгі мектебінің биология пәнінің мұғалімі Жампейсова Светлана Жеткергенқызы.
30 жылдан астам еңбек жолында кәсіби дараланған маман ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын шәкірттерін оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Аталмыш салада қызмет етіп жүрген ұстаздың бойынан біліктілікке талпыну әлі де байқалады. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген аса ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді.
Светлана Жеткергенқызының шәкірттері қала, облыс, республика мен халықаралық байқаулар мен пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Оның оқушылары "Зерде" атты шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары байқауының аудандық кезеңінде ІІІ орын, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізілген «Туған жерім Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты байқауында аудан бойынша І орын, облыс бойынша ІІІ орынды жеңіп алса, «Ақ бота» интеллектуалдық марафонының ІІ дәрежелі дипломға және облыстық олимпиадада биология пәнінен ІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Светлана Жампейсова Ақтөбе облыстық ғылыми тәжірибелік орталығының «Білімі мен шығармашылық шеберлігі» үшін Алғыс хатымен, Ақтөбе облыстық білім басқармасының «Оқу-тәрбие ісіндегі үздік жетістіктері» үшін Алғыс хатымен, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі» үшін Құрмет грамотасымен және республикалық пәндік олимпиадада І дәрежелі дипломмен, облыстық пәндік олимпиадада ІІ дәрежелі дипломмен, «Білікті педагог» атты олимпиаданың ІІ дәрежелі дипломымен марапатталған маманның тізбектелген жетістіктері – тек қана адал еңбек пен біліктіліктің жемісі.
Ұстаздың шәкірттер үшін берері әлі де көп. Себебі, ізденімпаз маман оқушыларының сабаққа ынта-жігерін арттыру үшін тың әдістемелер жасап, ізденуден жалықпақ емес.