МЕКТЕПКЕ ЖОЛ: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫ НАУҚАНҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
Жыл сайын республика бойынша өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіподақ ұйымдары оқушыларға мектеп формасы, оқу құралдары түрінде, сонымен қатар қаржылай көмек көрсетеді. Ізгі шараның негізгі мақсаты - әлеуметтік қолдауға мұқтаж көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық алдында материалдық көмек көрсету.
Биыл Жамбыл облысының кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік осал топтағы отбасыдан шыққан 474 баланы мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін 12 474 600 теңге қаражат жұмсаған. Акцияға Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі, Жуалы аудандары мен Тараз қаласы белсенді қатысқан.
- Мұқтаж жандарға көмек көрсету, балаларды, көпбалалы отбасыларды қолдау бүгінде кәсіподақ ұйымдарының жүзеге асырып жатқан қайырымды істерінің қатарында. Акцияға Жергілікті кәсіподақтың барлық деңгейдегі ұйымдары белсенді қатысуда. Біз алдымен ата-анасы мектепте қызмет істейтін әрі кәсіподақ мүшесі болып табылатын отбасыларға жәрдемдестік. Қайырымдылық шарасы әлі де жалғасатын болады. Ал оған әрбір азамат қатысып, әлеуметтік осал топтан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін атаулы көмек көрсетуде белсенділік таныта алады, - дейді Жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков.
«Жақсылық жаса!» ұранымен өтіп жатқан акция аясында облыстық білім басқармасында 30 қыркүйекке дейін ата-аналардың өтініштері бойынша «жедел желі» телефондары жұмыс істейтін болады. Акцияға қатысуға ниет білдірген барлық азаматтар білім бөлімдеріне хабарласып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін ала алады.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.