ЕҢБЕК ПЕН ІЗДЕНІСТІҢ ЖЕМІСІ
Әрбір еңбек адамы зейнет жасына жеткенде әріптестері зор құрметпен, ыстық ықыласпен салтанатты түрде зейнеткерлікке шығарып салса, ол адам үшін одан асқан қуаныш жоқ. Бұл құрметті ұзақ жылғы еңбек пен ізденістің жемісі деп бағалауға болады.
Білім беру саласында ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Ақтөбе сервис колледжінің директоры Гүлнар Сахатоваға, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры Аманжол Исмағұловқа және «Күншуақ» балалар сауықтыру лагерінің директоры Кенжеғазы Байғазинге құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара мекеме басшыларының өмір жолымен таныстырудан басталып, ақ тілек лебіздермен жалғасты.
Өздерінің еңбек қызметтерін осы салаға арнаған және абыроймен атқарған тәжірибелі қызметкерлерді зейнеткерлікке шығуымен құттықтау шарасына Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан мен "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова арнайы қатысты.
Жиынды кіріспе сөзімен ашқан басқарма басшысы Жайық Сұлтан зейнеткерлердің ел үшін аянбай қызмет еткенін тілге тиек етіп, зор денсаулық пен баянды өмір тіледі. Сөз соңында мереке иелерінің иығына шапан жапты.
Бұдан кейін ұйым төрағасы Раушан Серікова мекеме басшыларына ізгі тілегін айтып, шипажайларға жолдама сертификатын табыс етті.
Салтанатты жиында бірге қызметтес болған әріптестері де аға-апаларына ақ жол тілеп, олардың үлгі боларлық тұстары көп екенін атап өтті.
Мереке кейіпкерлері өз кезегінде өздеріне көрсетілген құрметке алғыс айтып, сала жұмысының алға басуына тілектес екендерін білдірді. Сондай-ақ, олар қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін білім саласына разы екендігін жеткізіп, зейнетке шығу шарасы кезіндегі ұжыммен қоштасу ерекше есте сақталатынын жасырмады.
-
Фото
-