СЫҢҒЫРЛА, КҮМІС ҚОҢЫРАУ!
Бүгін еліміздегі барлық мектептерде алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтуде.
Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауылындағы Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектебінде де сағат тура 9:00-де білім күніне арналған шара басталды.
Оқу жылын 538 оқушымен бастағалы отырған білім ордасының жетістігі көп. Биыл бұл мектепте балғын балалықпен қоштасып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларының саны 58 екен.
Салтанатты жиында мектеп директоры Елена Бердникова барлық оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс пен сәттілік тіледі. Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова да шәкірттерге оқуда озат болып, мектеп мақтанышына айналуына тілекші екенін жеткізді.
Атаулы шараға Теректі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлдай Сәрсенова қатысып, оқушыларға ақ жол тілеген соң, осы мектепте 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен үздік ұстаз Марина Сичкарьға «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Сөз кезегі 1-сыныптың алғашқы ұстазы Әлия Байбулатоваға, одан кейін ата-аналардан Юлия Киндербаева мен Сабира Нагимоваға берілді.
1-сыныпқа қабылданған оқушылар тақпақ оқып, би билеп, шараның көркін қыздырды.
-
Фото
-