ЖЕТІСУ ҰЙЫМЫ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі кезекті Атқару комитетінің отырысын өткізді.
Аудандық, қалалық филиалдың төрағалары алқалы жиында бас қосып, 2023-2024 жаңа оқу жылындағы өзгерістер, Панфилов аудандық филиалдың қаржылық-шаруашылық жұмысына жүргізілген бақылаудың нәтижесін, кәсіподақ мүшелерін ынталандыру, марапат түрлері сынды мәселелерді қарады.
Жиынды облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, тоқсан сайын тұрақты өтіліп келе жатқан жиынның маңыздылығын айтып, күн тәртібімен таныстырды.
Облыстық ұйымның заңгер – кеңесшісі Әсет Қайырхан жаңа оқу жылындағы өзгерістерді айтып, мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға көбеюі, колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға көбеюі, жаңа мектептердің берілуі сынды өзекті өзгерістерге тоқталып, педагогтардың құқығын қорғауда кәсіподақтың мақсаты мен міндетін айқындап берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ұйымның бас есепшісі А. Арымбаева бақылау-тексеру комиссиясының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Панфилов аудандық филиалдың жұмысы қаралғанын айтып, кәсіподақ мүшелерінен түскен жарнаның мөлшері, оның жұмсалу реті туралы баяндама жасады.
Кәсіподақ мүшелерін ынталандыру жұмыстары назардан тыс қалмады. Облыстық ұйымның бас маманы М. Жұмабек кәсіподақ тарапынан жасалып жатқан игі бастамаларды айтып, ҚР Кәсіподақ Федерациясының, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Орталық аппарат, облыс әкімі, облыстық маслихат, облыстық білім басқармаларынан берілген төсбелгілер мен Құрмет грамоталарының берілу жолдары, талаптары турасында ақпаратпен бөлісті.
Филиал төрағалары жергілікті жердегі педагогтардың сұрақтарын көтеріп, облыстық ұйымға ұсыныстарын жеткізді.Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қажетті қаулыларды бірауыздан қабылдады.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ-ның баспасөз қызметі